Әнші Балжан Бидаш актер, экс-күйеуі Жахан Отарғалиевпен не себепті ажырасқанын айтты. Бұл туралы өнер иесі Harper’s BAZAAR Kazakhstan-ға әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші ажырасқаннан кейін ұмыту қиын болғанын, қазір жүрегі қалайтын жұмыспен айналысып жүргенін жеткізді.
"Менің түсінгенім, адам адамға өмір сүруді үйретпеуі керек. Себебі, әркімнің өз қалауы, таңдауы бар. Махаббат бар жерде қолдау бар. Гармония орнайды. Отбасымда еркін өстім. Әке-шешем ешқашан қалауымнан тыс дүниеге мәжбүрлеген емес. Екі ағам да қаталдық танытатындай қылығым болған емес. Олар әрқашан маған сеніммен қарап, әр бастамама қолдау білдіретін. Бұл өмірде бақытты болу үшін тәтті тамақ пен жақсы киім кию, аздық етеді. Ең бастысы жүрек тыныштығы. Еркімнен тыс дүниелерді жасауға мәжбүр болғандықтан, жан қалауым қанағаттанбағандықтан арамызда түсініспеушілік орнады. Мұның бәрі соңында, ортамызды суытты", - дейді әнші.
© әлеуметтік желі
Өнер иесі бұрынғы жұбайымен қандай қарым-қатынаста қалғанын айтты.
"Ажырасуды мен қаладым. Бір күнде шештім де, кеттім. Дегенмен, эмоцияға берілмей, оған дер кезінде қолдау білдірдім. Өйткені ол кезең оған да ауыр. Ниетім түзу екенін көрсеттім", - деді ол.
© әлеуметтік желі
Балжан Бидаштың сөзінше, әлеуметтік желідегі оқырмандары олардың екі бөлек кеткенін қабылдай алмаған.
"Ешқандай блогер өзінің минустарын, ішкі кухнясын, шынайы бейнесін әлеуметтік желіге шығармайды. Біз де сондай инфлюенсерлердің қатарында болдық. Конфликттерді көрсетпедік. Бақытты, қуанышты сәттер де болды. Біздің "позитивті" видеоларымызға үйреніп қалған оқырман, екі жаққа кеткенімізді қабылдай алмады. Басында сенбеді. "Жол" фильмі алдында жасалып жатқан PR қадам деп топшылады", - деді.
Әнші отбасылық өмірде қалай өзгергенін әңгімеледі.
"Қатты өзгердім. Бірақ тұрмысқа шыққаныма еш өкінбеймін. Өйткені бұл неке екеуімізге де сабақ болды. Адамдар бекер жолықпайды. Тағдыр шығар… Жаһаннан, сол тұрмыстағы өмірден үйренгенім, түйгенім жетерлік. Көп тәжірибе жинадым. Сол өмірді көрмегенде, әлі баяғы жас Балжан болып жүре берер едім. Қазір Балжан қатты есейді. Өмір есейтті. Бірақ осы Балжанды бағалаймын", - деді ол.
Өнер иесі бұл жаңалықты отбасына қалай жеткізгенін де айтты.
"Олардың тарапынан әрқашан қолдау болған, бола бермек. Жастайымнан "Кеш YOU" тобының құрамында болдым. Студенттік шақта түрлі байқауларда бақ сынадым, концерттерге қатысып жүрдім. Жастайымнан табыс тауып, өз оқуымды өзім төлеп, үйдегілерді мазаламайтынмын. Қабілетімді көрген әке-шешем шешімдеріме қарсы келген емес. Біраз уақыт ата-анамнан жасырып жүрдім. Өйткені сол сәтте басқа қалада еді. "Мінезіміз жараспады. Бақытты болсын десеңіздер қолдаңыздар" дедім", - дейді ол.
© әлеуметтік желі
Әнші болашақта қайта бірге болмайтындарын да айтты.
"Жаһанның табиғаты бөлек. Тіпті кешірім сұрауы да басқаша. Менің адамым емес екенін сездім. Қайта оралмайтынымды өзі де бірден түсінді. Дос болып сөйлесіп жүрдік. Сол аралықта Жахан "қайта қосылайық" деді. Келіспедім. Себебі болашақ көрмедім", - дейді ол.
Сонымен қатар, күйзелісті қалай еңсеріп жатқанын жеткізді.
"Айырылысқанымызға 3 айдан асты. Бастапқы екі ай өте қиын болды. Жұмысқа бірден кірісіп, алдануға тырыстым. Қанша дегенмен, бауыр басып үлгердім. Сағыну болды. Бірақ уақыт тез өтіп кетті. Жаратушыдан да қолдау сездім. Соңғы нүктеге өзім шешім қабылдағандықтан "қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер" деген жауапкершілік болды. ...Мен ары қарай да BIDASH болып сахнаға шыға беремін. Жеке шығармашылықты қолға аламын деген ниет бар. Арық сөйлеп, семіз шыққым келеді", - дейді әнші.
Еске салайық, бұған дейін әнші Балжан Бидаш сахнадан қорқып қалғанын жеткізген еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!