Әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та Қазақстан 2022 жылы ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат жарияланды. 1000 адамға шаққандағы ажырасулардың үлесі 4,6 болды. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Желіде тараған ажырасулар бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін әлемде екінші орында тұр, бұл кесте advocatsmart.no сайтынан алынған.
Кесте Worldpopulationreview.com сайтына сүйенеді. Бұл порталдың мәліметінше, Мальдив аралдарын есептемегенде, Қазақстанда әлемнің кез келген жеріне қарағанда жиі ажырасады екен. Бұл ретте мақалаларда қандай да бір дереккөздерге сілтеме берілмеген. Бірақ Қазақстан бойынша статистикалық ақпаратқа арналған тұтас бөлім бар. Оның жартысы мүлде дұрыс емес.
Мысалы, осы порталға сәйкес, Астана халқының саны небәрі 345 мың адам, ал ресми статистика бойынша 2022 жылдың аяғында елордада 1 350 228 адам тұрған. Шымкентте де осындай жағдай. Платформада қалада небәрі 414 мың адам тұрады делінген, ал іс жүзінде қала халқының саны миллионнан асады.
Демек, Worldpopulationreview.com сайтындағы ақпаратқа сенуге болмайды.
Сонымен қатар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Жұлдыз Ысқақова Қазақстандағы ажырасудың рекорд деңгейі туралы жаңалықты жоққа шығарды. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында тараған статистикалық мәліметтер дұрыс емес деп жазды.
"Достар, қазір бірқатар БАҚ 2022 жылы халықтың 1000 адамына шаққанда 4,6 көрсеткішімен ажырасу коэффициенті бойынша Қазақстан әлемде 2-орынға шыққаны туралы ақпаратты жариялап жатыр. Бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын, себебі ол қазақстандық статистикалық деректермен де, БҰҰ деректерімен де расталмайды", - делінген хабарламада.
Қорыта айтқанда, Қазақстан 2022 жылы әлемдегі ажырасулар саны бойынша екінші орында тұрған жоқ. Бұл туралы ақпарат - фейк.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!