Ажырасу әрдайым күйзеліспен қатар жүреді. Бәрін сызып тастап, қайта басынан бастау оңай емес. Бұл кезеңді қалай өткеруге және бақытты өмірге қалай оралуға болады?
Онымен ажырасқаныңызды қабылдаңыз
Егер ол сізге "жоқ" деп нақты айтса немесе оның басқа серігі пайда болса, онымен ажырасқаныңызды қабылдаңыз. Әлі де қосылуыңыз мүмкін екенін ойлап, үміттенетін болсаңыз, өзіңізге көмектесе алмайсыз. Сәл шыдаңыз, бақытты өміріңізге ораласыз. Ол үшін уақыт қажет.
Ауырсынуды басыңыз
Жан ауруымен де басқа аурулармен секілді күресу керек. Мысалы, кез келген аурудың себебін анықтап, содан соң дәрі ішіп, емді бастайды. Сол секілді жан ауруын емдеу үшін сізді жақсы көретін адамдарға хабарласыңыз. Сізді тыңдай алатын және сізге қолдау көрсете білетін жақындарыңызға қоңырау шалыңыз.
Жылағыңыз келсе, жылап алыңыз
Кей жағдайда сіз үшін жылау және қайғыру пайдалы. Сезімдеріңіздің бәрін ішіңізге сақтамаңыз. Эмоцияларыңызды сыртқа шығармау басқа да ауруларға әкелуі мүмкін.
Гормондарды ретке келтіріңіз
Серотонин мен дофамин гормондарын қалыпта ұстау үшін олардың көздерін табыңыз. Мысалы, спортпен айналысыңыз, күннің астында серуендеңіз және дұрыс тамақтаныңыз. Сондай-ақ қандай да бір мақсат қойып, оған жетсеңіз, дофамин гормоны бірден артады. Сондықтан шығармашылық немесе жұмысқа қатысты мақсаттар қойыңыз. Күнде өзіңізге алдымен жеңіл, содан соң біртіндеп қиын, бірақ мүмкін мақсаттар қойыңыз. Бастысы, қозғалысты, алға жылжуды тоқтатпаңыз.
Айналаңыздағы адамдардан қуат алыңыз
Өзіңізді фитнеске, бассейнге, көрмеге баруға мәжбүрлеңіз. Үйден әдемі болып киініп шығудың өзі – бір жеңіс. Тіпті, танымайтын адамдар арасында жүрсеңіз де, жалғыздық сезімі кетеді. Айналаңыздағы адамдардан қуат алыңыз.
Өзіңізді кінәлауды доғарыңыз
Неге олай болғанын ойлай беру, оның себебі мен қателіктеріңізді іздеу жақсылыққа әкелмейді. Өзіңізді ойша қинай бермеңіз және кінәлауды тоқтатыңыз.
Кек алудан бас тартыңыз
Кейде кек алсаңыз, бәрін ұмытатындай немесе бақытты болатындай көрінуі мүмкін. Кек алу жайлы үздіксіз ойлар сіздің қиялыңызды жаулап алады. Мұндай ойлардан да сізде дофамин бөлінуі мүмкін. Сондықтан бұл әдетке айналады. Яғни сіз шынайы өмірде қандай да бір жетістіктерге жетудің орнына қиялыңызда бұрынғы серігіңізді ойлап жүресіз. Шынайы өміріңіз бір жерде тоқтап қалады. Сондықтан одан кек алудан бас тартыңыз, оны жіберіп, өзіңізді босатыңыз.
Мән іздеңіз
Бұл қадамдардың бәрінен өткен кезде сіз өз-өзіңізбен сөйлесуге дайын боласыз. Бастапқы кезде өткен қарым-қатынас жайлы ойлай бермеу керегін айттық. Алайда өз-өзіңізге келгеннен кейін, өзіңізге хобби тапқан соң бұрынғы тәжірибеңізге анализ жасауға болады. "Не үшін мұның бәрі менің басымнан өтіп жатыр" дегеннің орнына "Мен бұдан не үйрендім, не алдым" деңіз. Сол кезде бұдан соң сіз туыстарыңызбен және достарыңызбен жақын бола түскеніңізді, жаңа қызығушылықтар тапқаныңызды, мақсаттарыңызға жете бастағаныңызды және жалпы мүлдем басқа адамға айналғаныңызды байқауыңыз мүмкін.
Оқи отырыңыз: Ажырасқан кезде ипотекаға алынған пәтер кімде қалады?