- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ажырасатынымды түсімде көргенмін"....
"Ажырасатынымды түсімде көргенмін". Айжұлдыз Адайбекова ешкім білмейтін құпиясын бөлісті
Танымал актриса Айжұлдыз Адайбекова ерекше түс көріп, жақынынан айырылып қалғанын айтты. Бұл туралы өнер иесі Дәстүрлі подкастқа берген сұхбатында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнерпаз түсінде жақынының қайтыс болғаны туралы көрген. Алайда оның сөзіне ешкім сенбегенін жеткізді.
"Бір күні ұйықтап жатсам, жақын туысқанымыз түсіме кірді. "Қыз Жібек" фильміндегі Жібектің көйлегін киіп алған. "Қызым, сенің ата-анаңмен қоштасуға үлгермедім. Сені қатты құшақтап тұрып айтқым келеді, анаңа қарап қой, оған қамқор бол" деп табыстады. Тіпті "ертең ол мына жаққа барады, мына жерден абайлап өтсін" деген сақтық шараларын да айтып кетті. Маған ол кісінің сөзі ұнамады. "Сіз қайда барасыз, мамамды шақырып келейін" деп айтсам, "Мен енді кетемін, сендер мені енді қайтып көре алмайсыңдар. Бір-екі күнде мен сендермен бірге болмаймын" деді. Ал мен: "Сіз қайда кетіп бара жатқаныңызды айтпадыңыз ғой, негізі өлген адам не істейді, олар қайда тұрады" деп сұрадым. Ол кісі "мына жаққа қарашы" деді. Жанымдағы бірнеше суретке көзім түсті, бір суретте табиғат, екінші суретте ғарыш, үшінші суретте от бейнеленген. Сіздің суретіңіз қандай десем, жасыл жайлау деп шетте тұрған суретті нұсқады. Адамдар өлгенде осы фотолардағы әлемге барады деді. Мен қатты қорқып кетіп, шошып ояндым", – дейді актриса.
Өнерпаздың түсіне ешкім сенбеген. Тіпті анасы Жанар Айжанова, "сен кімсің біреудің өмірін болжайтын", – деп ұрысып тастаған көрінеді.
"Ең қиыны, ол көрген түспен өзің ғана арпалысып жүресің. Анама айтып едім, ұрысып тастады. Түс көргенім анық, ол әпкемнің маған аманаттаған дүниелерін жақындарыма айтқым келеді, бірақ олар сенбейді. Шығармашылықпен айналысып жүріп, қияли болып кетті дейді. Бір күні түсімдегі тәтеме хабарластым. Аман-саулық сұрастық, елдегі жаңалықтарды айтты. Ең қызығы, "сіз туралы түс көрдім, сіз бізбен қоштасыпсыз" деп айтуға аузым бармады. "Сізде бәрі жақсы ма?" деп сұрадым. "Түс – түлкінің боғы" деп өзім де оны ұмытуға тырыстым. Екі күннен кейін жақын әпкеміздің өмірден озғанын естідік", – дейді Айжұлдыз Адайбекова.
Өнер иесінің айтуынша, жеке өмірінің де қалай өрбейтінін білген.
"Мұндай жағдай жеке өмірімде де болды. Тұрмысқа шығып, балалы болмай жатып ажырасатынымды түсімде көргенмін. Мен болашақ отбасылық өміріміздің немен аяқталатынын білдім. Сондықтан да менде қатты күйзеліс болмады. Өткен өмірімді қабылдадым. Ештеңеге өкінбеймін", – дейді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Е. Ерболұлы