Бір топ қызылордалық үйінің қабырғасы қаусап, құлауға шақ тұрғанына шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жандосов көшесіндегі көне үй тұрғындары қыста қатты тоңатынын, жазда шыбын-шіркейден көз ашпайтынын айтып отыр.
"Әжетханасы сыртта. Ешқандай жағдай жасалмаған. Екі үйге жалғыз контейнер. Бір-ақ күнде толады. Алса алғаны, алмаса, қоқыс апталап жатады. Балалар оны ұстап көріп, аузына салады", - дейді тұрғындар.
Мәселеге орай Қызылорда қаласының әкімдігі өкілдері пікір білдірді.
"Жандосов көшесіндегі екі үй 2021 жылы 26 наурызда апат жағдайында деп танылды. Осы құжат негізінде пәтер иелері жеке өтінішімен Kezekte.kz сайтына кезекке тіркелді. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес азаматтарға жалдамалы пәтерлер кезек реттілігіне сәйкес беріледі", - деді ведомство өкілі.
Айта кетейік, тозығы жеткен баспана осыдан 65 жыл бұрын салынған екен.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!