- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әжетханадағы қанды жағдай,...
Әжетханадағы қанды жағдай, белдік ұстаған сержант, ақша ұсынған командир: Ербаянның әкесінің шындығы
Әскерге қызмет етуге барып, мүгедек болып қалған Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың оқиғасына қатысты тергеу ісінде бірде-бір күдікті жоқ. Бұл туралы 17 қыркүйек, Астана қаласында Ербаянның ата-анасы мен адвокаты Инга Иманбай БАҚ өкілдерімен болған кездесуде мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жиында – Ербаянның денсаулығында нендей өзгерістер бар, қазіргі таңда тергеу амалдары қалай жүріп жатыр, отбасы қандай қолдауға мұқтаж екені туралы айтылды.
Әскерге өз еркімен барған
Ербаян Мұхтарұлы Астана маңындағы Қосшы қаласының тұрғыны, 22 жаста. Отбасының тұңғышы, өзінен кейін үш бауыры бар. Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесіне Отан алдында борышын өтеуге өзі сұранып барған. Әскери бөлімнің мәліметінше, түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған.
Қанды оқиға әжетханада орын алған
Ал ата-анасы оқиға орын алған күні түнгі екіде сарбаздардың әжетханаға кезекпен кіріп-шығып жүрген видеосын көрдік дейді.
«Мен де, келіншегім де видеоны көрдік. Сержант және Жұмағұлов деген сарбаз, ішіне кіріп-шыққан солдаттар, солардың барлығынан сөз алды. Тергеді. Олар «біз құлап қалғанын ғана көрдік» деп жауап береді. Менің оларға қойған сұрағыма ешқайсысы жауап берген жоқ», – деді Ербаянның әкесі Хамит Аймағамбетов.
Фото:Massaget.kz
Куәгер бар, күдікті жоқ
Ербаянның қорғаушысы Инга Иманбайға тергеушілер оқиға орын алған күнгі видеоны көрсетпей отыр. Адвокаттың сөзінше, Ербаянға қойылған соңғы диагноз – мидың ошақты жарақаты. Сот медицина саласының тәуелсіз сарапшылары адам өздігінен құлағаннан мұндай жағдайға тап болмайтынын айтқан.
«Ата-анасы маған видеодан өз көзімен көрген сол күнгі оқиғаны айтып берді. Түнгі сағат екіде әжетхананың қасында неге екені белгісіз, 7-8 адам жүр. Әжетхананың ішінде бір сержант пен тағы бір әскери отырады. Солдаттар бір-екі минут сайын әжетханаға кіріп-шығып жатқан. Кейбірінің мұрнынан қан ағып, танауын басып шыққан. Ербаянға қатысты жағдай орын алып, оны қан-қан күйінде әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін – неге екені белгісіз, бір сержант белдікпен шығады. Аталған видео кадрларды, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттардың бәрін көре тұрып әскерилердің істі «бала өзі құлады» деп тоқтатып тастағаны күмән ұялатады. Неге бұл іс үлкен резонансқа ие болды, себебі алғашқы істі тоқтату сылтаулары өте ақылға қонымсыз. Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің гаймориті асқынған деген мәлімдемесі де логика мен болжамға сыймайды. Сондықтан біздің болжам – Ербаян өзі құлаған жоқ. Істе бірде-бір күдікті жоқ», – деді Инга Иманбай.
Жәбірленуші тарап куәгер ретінде тіркелген әжетхананың маңайында болған 7-8 әскери қызметкерлердің статусы күдіктіге өтіп, тергелуін сұрайды.
Фото: https://www.instagram.com/p/DAA6cl0iKUP/
«Әжетханаға кіріп-шығып жүрген сарбаздарды, әскери қызметкерлерді күдікті ретінде танып, тергеуді сұраймыз. Бұл мәселенің өзектілігін түсінсе, істі ашық тергеуден бастау керек. Ербаянның ісінде жаңағы әжетхананың ішінде болған кішкентай лауазымдағы әскерилер, сол күні Ербаян және басқа да жас балалардың денсаулығына жауапты лейтенант па, полковник па, солардың бәрі жауап берсін. Ең жоғарғы шенді генералдар да сот алдында жауап берулері керек. Егер Ербаянның ісі бойынша сондай ашық, объективті және бір ғана шабармандардың сотталуы емес, үлкен деңгейдегі жауап беретін сот процесі болмаса – әскери реформа туралы мәселе көтерудің қажеті жоқ», – деп түйіндеді сөзін адвокат.
Әскери госпитальдағы құпия ота
Әкесінің сөзінше, ұлының денсаулығы әскери госпитальға бармай тұрып оңалып келе жатқан. Ербаянның есін жиып, соққыға жығылғанын айтуы жағдайды түбегейлі өзгерткен.
«Біз Ербаянды ұрғанын айтамыз деп осы жағдайға тап болып отырмыз. Ең алғаш соққы алып, ауруханаға түскенде Алматыдағы ең үздік нейрохирург, профессор Ермек Кавтайұлының қабылдауында болдық. Ол кісі «балада қорқатын ештеңе жоқ, тек басынан қатты жарақат алған. Салдарынан ішінде ісік тұр, осы ісік кетсе, бір айдан кейін ұлыңыз сапта тұратын болады» деді. Ол кісінің айтқаны тура келді десем болады. Себебі 19 күннен кейін Ербаян комадан шықты, оянды, палатасына кіріп жүрдік. Мен кіріп «Ербаян, сені ұрды ма?» деп сұраған кезде «Иә, папа» деді. Бұл ақпарды бүтін халыққа айтқымыз келмеді, бірақ Самат есімді заңгер жолдасыма шыдай алмай «Ербаянды ұрған екен» деп айттым. Содан екінші күні таңертең ол Ұлттық ұлан командирі Бақдәулет Оспановқа хабарласып: «Кінәлілерді табыңдар, Ербаянды ұрған екен» деп айтқан. Содан екі-үш күн өткен соң, кешкі сағат 6-7 шамасында госпитальға ауыстыру керек деп алып кеткен. Жұма күні әскери госпитальға алып кетеді. Кешкі сағат бес-алтыда ешқандай дәрігер болмайды, жауаптылар ғана отырады. Сол күні әскери госпитальға алып барып, дүйсенбі келіншегім барғанда басына ота жасап тастаған. Олар ота жасады ма, әлде миына бірдеңе құйып жіберді ма деп өзіміз жобалап қоямыз. «Ол сырқат болып тұрса, неліктен дәрігерлер әскери госпитальға алып кетті?» деген сұрақ әлі күнге дейін маза бермейді», – деді Хамит Аймағамбетов.
Ақша ұсынған командир
Сарбаздың әкесіне Ұлттық ұлан тарапынан қаржылай көмек көрсету туралы ұсыныс түскен. Бірақ белгісіз себептермен келісім орындалмаған.
«Желтоқсан айының 10-на қарай Ұлттық ұланның 5571 команда бригадирі тарапынан «Пәтерін алып, еміне көмектесеміз. Аяғынан тұрғанға дейін қолдау көрсетейік» деген ұсыныс айтылды, біз келістік. Бірақ ұсыныс жүзеге аспады, арада не болғанын білмеймін. Жоғарыдан ұлымның көзін құртыңдар деген бұйрық түсті ма, белгісіз», – дейді Аймағамбетов.
Сарбаздың ата-анасы мен адвокатын еліміздің Денсаулық сақтау министрі қабылдап, Еуропадағы еміне көмек қолын созатынын айтқан.
Фото: https://www.instagram.com/inga_imanbay/
Бірақ Ұлттық ұлан басшылығы тарапынан ешкім хабарласып, тергеу туралы сұрамаған. Бүгінгі таңда Ербаянға қазақстандықтар тарапынан 230 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Екі апта көлемінде отбасы Еуропадағы үздік клиникалардың біріне аттанғалы отыр.
«Ұлымның бұрынғы құжатымен қазіргі кездегі түрі келіспей тұр. Соған басқа құжат әзірлеп жатырмыз. 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Өз құжаттарымыз дайын. Еуропадан бірнеше клиникаларды қарастырып, келісімге келіп жатырмыз. Мен баламды Президент іс басқармасына қарайтын аурухана мен хирургияға жатқызғым келмейді. Егерде Денсаулық сақтау министрлігі қол ұштарын бергісі келсе, ұлымды үйге келіп емдеулерін сұраймын. Мен сенбеймін», – деді сарбаздың анасы.
Сарбаздың қазіргі жағдайы
Ербаянның қазіргі таңда жағдайы жақсарып келе жатыр. Дәрігерлер оның аяққа тұрып кетуіне деген мүмкіндікті жоғары бағалаған.
«Дәрігерлер 85-90% аяққа тұрады деген үміт бар деп айтты. Қазір ақырындап шай іше бастады, қарындасымен бірге сулифа ойнайды. Йогуртты тамсанып жейді», – деді көзіне жас алған сарбаздың әкесі.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі өз тарапынан Ербаянның жағдайына қатысты пікір білдірген. Онда сарбаздың денсаулығына алаңдайтындары ғана айтылған. Оқыс оқиға 2023 жылдың 4 желтоқсанында орын алды. Бұған дейін, редакциямыз Ербаянның анасымен сұхбаттасқан. Оқиға редакция назарында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет