Әжесінің ақшасын жұмсап қойған павлодарлық қыз полицияны да алдап соқты

Әжесінің ақшасын жұмсап қойған павлодарлық қыз полицияны да алдап соқты
Фото: depositphotos.com

20 жастағы павлодарлық қыз полицияға қоңырау шалып, өзін тонап кеткені туралы хабар берген. Ол оператордың сұрақтарына жылап тұрып жауап беріп, оқиғаның қалай болғанын айтып, шынайы образға енген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Менің сөмкемді ұрлап кетті! Ішінде 100 500 теңге және көк түсті Samsung телефоны болған. Автобустан түсіп жатқанымда, артымнан бір ер адам келіп, сөмкемді жұлып алып қашып кетті. Мен оның артынан жүгірдім, бірақ қуып жете алмадым. Ол бірден жоқ болып кетті", - деді өксігін баса алмаған "жәбірленуші".

Жедел-тергеу тобы дереу оқиға орнына аттанып, қыз көрсеткен мекенжайға жеткен. Полиция қызметкерлері, автопатрульдер мен учаскелік инспекторлар жақын маңдағы көшелерді тексеріп, күдіктіге ұқсас азаматтарды іздестірді. Бейнебақылау камералары тексерілді, бірақ оқиға камераға түспеген. Қыздың бұрын ер адамды аулада көргенін айтып, артынан жүгіргені туралы айтқан сөзі күдік тудырған.

Тергеушіге тағы бір жайт күмән туғызған - қыз қылмыскердің қашқан бағытын нақты айта алмай, біресе бір жақты, біресе екінші жақты көрсеткен. Жәбірленуші полиция бөліміне жеткізілген соң күдік расталған. Тергеу кезінде қыз айғақтарынан шатасып, артынша шыдамы таусылып, шындықты айтып берген.

Студентке әжесі несиені төлеу үшін 100 мың теңге бергені белгілі болды. Алайда қыз бұл ақшаны өз қажетіне жұмсап жіберіп, жақындары ұрсады деп қорқып, бұл оқиғаны ойлап тапқан.

"Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін" қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лес
Logotype Massaget