Бұдан бірнеше жыл бұрын Диана Иванованы туған анасы мен әжесі өлімші етіп ұрған. Соққы салдарынан қыз жансақтау бөліміне түскен. Кішкентай қыздың бет-әлпеті адам танымастай өзгерген. Ерні мен құлағы жыртылып, мұрны сынған. Жақында Дианаға 10-нан аса пластикалық ота жасалды. Қыз жүрегіне қаяу салған туған анасын ешқашан кешіре алмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әйел анасымен бірге туған қызын ұрып-соққан. 12 жыл бұрын болған оқиға салдарынан қыз жансақтау бөліміне түседі. Кейін қыздың анасы 6 жылға бас бостандығынан айырады, ал әжесі Ресейге жер аударылады.
Қазір Диана Иванованың жасы 19-да. Ол биыл 9-сыныпқа барады. Бұдан 4 ай бұрын оның жағдайы туралы "Что скажете?" бағдарламасында айтылды. Бағдарламадан кейін Алматыдағы жеке клиникалардың бірінің дәрігерлері Дианаға тегін көмектесуге шешім қабылдаған. Дәрігерлер қызға 10-нан аса ота жасаған. Қыздың мұрны сынған, құлағының бір бөлігі жыртылған, ерні зақымдалған.
Диана Иванова ота алдындағы сезімін бөлісті.
"Ота алдында уайым болды. Отадан кейін көзімді ашқанда денем аздап ауырды. Ауруханада 4 күндей жаттым, бірақ мен үшін уақыт зымырап өтті. Үйге тезірек қайтқым келді. Үйде мен тез жазылып кеттім. Дәрігер бәрін анық түсіндірді. Нәтижесін тез көремін деп мүлде ойламадым, шамамен 1 айдай уақыт керек болар деп ойладым. Өзгергеніме қатты қуанамын", - дейді Диана.
Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінің негізін қалаушы Мұхаммед Шбайр ота жасамас бұрын Диана дәл бұлай өзгереді деп ойламағанын айтады.
"Диананы алғаш көргенде таңғалдым, мұндай нәтижеге жетеміз деп ойламадым. Мұның бәрі - менің командамның, жаңа технологиялардың арқасы. Қазақстандағы медицинаны мақтан тұтамын, өйткені бұл отаны шетелдегілер істей алмады", - деді дәрігер.
Дәргердің айтуынша, Диана 1 жыл бойы клиникаға көрінбек.
"Диананың тек сырт келбеті емес, ішкі жан дүниесі де өзгере бастады. Ол өзіне сенімді бола бастады. Күлкісі де өзгерді", - деді ол.
Диананың айтуынша, ол анасын кешіре алмаған, бірақ қол-аяғын сындырып, өлімші етіп ұрып-соққанын ұмыта бастаған. Оны қамқорлыққа алған Надежда Барсукова қызды алғаш көргенде сау жері болмағанын еске алды. Оның айтуынша, дәрігерлер Диананы шетелде емдеуге ұсыныс жасаған. Кейбірі тіпті оның бет-әлпетін қалыпқа келтіру мүмкін емесін жеткізген. Алайда ол баласы оңалып кетеріне сенген.
"Балам үшін қуанып тұрмын, мүлде күтпеген едік, әдемі болып шыға келді. Барлық ат салысқан жандарға алғысым шексіз. Балам тіпті тыныс ала алмайтын еді, қазір бәрі оңалды. Тіпті үйдегілер де танымай қалды. Отадан кейін Диана есейді", - деді әйел.
Оның сөзінше, Диана қазір 9-сыныпқа аяқ басқан. Ол арнайы бағдарлама бойынша үйден оқып жатыр. Алайда бұл бағдарлама 10,11-сыныптарға қарастырылмаған. Ал қыз денсаулық жағдайына байланысты колледжге оқуға түсе алмайды. Анасы енді мүгедектік туралы құжаттарды рәсімдеу керегін айтты. Оның айтуынша, Диана дәрігер болғысы келеді.
"Толқып тұрмын. Дүйсенбіде мектепке барамын. Бірақ мені достарым, мұғалімдерім көреді, қуанады. Бәрі өзгерді. Досым көп болады. Отадан кейін мен өзімді әлдеқайда сенімді сезіне бастадым", - деді Диана.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұмытшақтық неден пайда болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!