ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстан Медиа альянсының басқарма төрағасы Арманжан Байтасовпен кездесті. Қос тарап кездесу барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Медиа Альянсы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аида Балаева коронавирус пандемиясы кезінде коммерциялық БАҚ-ты қолдау үшін министрлік қабылдаған шаралар, ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін және адами капиталдың сапасын арттыру бойынша жоспар бар екенін айтты.
Қос тарап БАҚ саласындағы өзекті мәселелерді, оның ішінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, журналистердің дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігі туралы пікір алмасты.
Меморандум аясында тараптар ынтымақтастығының негізгі бағыттары айқындады:
– ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды бірлесіп талқылау;
– медиа саласы мамандарын даярлау, қайта даярлау, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыру мәселесі;
– журналистердің құқығы мен бостандығын қорғауға жәрдемдесу.
Атап өтілгендей, меморандум саланың өзекті мәселелерін шешуде үкіметтік емес сектордың рөлін арттыруға мүмкіндік береді.