AI-Quryltai жасанды интеллект платформасының көмегімен алғаш рет заң жобасы әзірленді

AI-Quryltai жасанды интеллект платформасының көмегімен алғаш рет заң жобасы әзірленді
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

"Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы" жаңа заң жобасы - құқықтық талдау жүргізуге қабілетті жасанды интеллект моделі кіріктірілген AI-Quryltai интеллектуалды ортасының көмегімен әзірленген алғашқы заң жобасы. Бұл туралы Құрылтай вице-спикері Динара Зәкиева Үкімет сағатында хабарлады.

Платформаның көмегімен заң жобасын әзірлеуші депутаттарға цифрлық және ақпараттық ортадағы балалар қауіпсіздігінің қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді және ұсынылды. Оған үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналардың, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің нақтылаған мәселелерін талдау, сондай-ақ ықтимал сын-қатерлерді бағалау және халықаралық тәжірибені зерттеу негіз болды.

Сонымен қатар, 800 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілер базасы біріктірілген AI-Quryltai шеңберінде арнайы оқытылған заңнамалық модель алғаш рет заң жобасының мәтінін құруға тікелей пайдаланылды. Бұл заңнамаға енгізілетін өзгерістердің ауқымы мен толықтығын арттыруға және қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді.

"Мәселен, платформаның көмегімен жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды цифрлық және ақпараттық ортада қорғау жөніндегі шаралар кешені пысықталды. Бұл шаралар барлық платформаларға "ата-ана бақылауы" тетігін енгізуге қатысты болып отыр. Яғни, балаларға арналған "сүзгі" енгізіліп, сәйкесінше барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдер, қосымшалар, ойындар балаға қол жетімсіз болады. Сондай-ақ, платформаларға барлық цифрлық өнімдерді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды таңбалау, оларды верификациялау, сондай-ақ қауіптер мен бұзушылықтар анықталған жағдайда бұғаттау жөніндегі талаптарды енгізу ұсынылады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді", – деп атап өтті Динара Закиева.

Өз кезегінде Құрылтай депутаты, жасанды интеллект зертханасының жетекшісі Екатерина Смышляева AI-Quryltai платформасы өзара байланысты бес бағытты қамтитынын атап өтті. Олар – интеллектуалды аналитика, заңгерлік модуль, интеллектуалды сараптама, реттеушілік әсерді бағалау және оның салдарын модельдеу, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізу. Бұл ретте депутат жасанды интеллект заң шығару қызметінде адамды алмастырмайтынын атап өтті.

"Жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындамайды және құқықтық шешімдер қабылдамайды. Ол маманға нормативтік-құқықтық жағдайды толық көруге және құқықтық материалды сапалырақ дайындауға көмектеседі", – деді Екатерина Смышляева.

Сурет: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai-дың көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныстар шақырылған заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен әзірлеуші депутаттардың тексеруінен және қосымша пысықтауынан өтті.

Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолданғалы жатыр. Оны пысықтау Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget