Кейбір сарапшылар 2027 жылдың соңына қарай АИ-92 бензинінің бағасы литріне 300 теңгеге, ал дизель отыны 400 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін болжады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл болжамға қатысты пікір білдіріп, мемлекет баға белгілеуге қандай жағдайда араласатынын айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрдің сөзінше, қазір жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Бұрын қолданылған жанармайдың көтерме бағасын мемлекеттік реттеу тетігі 2024 жылғы ақпанда тоқтатылған.
«Сол кезден бастап нарықтық баға белгілеу жүйесі жұмыс істейді. Шынымды айтсам, болжам жасау – қиын әрі нәтижесі белгісіз іс. Дегенмен еліміздегі бензин мен дизель отынының қазіргі баға аралығын айта аламын. Одан кейін қорытындыны өздеріңіз жасайсыздар», – деді Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі брифингте.
Министрдің мәліметінше, қазір Қазақстанда АИ-92 бензинінің бір литрі 253–271 теңгеден, ал дизель отыны 356–367 теңгеден сатылып жатыр.
Жанармай құнының әр автожанармай құю станциясында әртүрлі болуы олардың шығыны мен өнімді сату құнына байланысты. Министр мұны нарықтық жағдай мен бәсекенің бар екенін көрсететін белгі деп түсіндірді.
Журналистер болжанған қымбатшылық жүзеге асса, мемлекеттің қандай шара қабылдайтынын сұрады.
«Баға күрт көтерілсе, мемлекет оны тежеу үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Оған арналған құралдардың бәрі бар», – деді министр.
Сондай құралдардың бірі – жанармай қоры. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, елде 400 мың тоннадан астам бензин және 400 мың тоннадан астам дизель отыны бар.
Отандық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жанармай өндіру және өңірлерге жеткізу жұмыстары үзіліссіз жалғасып жатыр.
«Қазір дүрбелең туғызып, соның салдарынан бағаның күрт өсуіне алып келетін ешқандай алғышарт жоқ», – деді Энергетика министрі.
Бұған дейін АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге енгізілген мораторий аяқталғаннан кейін жанармай құю бекеттерінде баға өзгере бастаған еді. Энергетика министрлігі сол кезде бағаның бірден емес, біртіндеп өсуі мүмкін екенін хабарлаған.