- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ахметжанов Астанадағы Kaspi...
Ахметжанов Астанадағы Kaspi Вank-те болған арнайы операцияны қойылым дегендерге жауап берді
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанадағы Kaspi Вank бөлімшесіндегі арнайы операцияны қойылым дегендерге жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер шенеунікке Астанадағы оқиғаға байланысты "қойылым" деген пікір айтылып жатқанын жеткізді.
"Бұл қойылым ба? Полицияның имиджін көтеру үшін жасалға акция дегендерге не айтасыз", - деп сұрады тілші министрден.
"Ондай әңгіме болмауға тиіс. Ол - өтірік, жалған әңгіме. Имиджді ондай жұмыстармен емес, басқа жұмыстармен көтеруге болады. Ал ұсталған күдіктіге келер болсақ, ол бұған дейін де қылмыстық жауапқа тартылған. Оның біреуі ұрлық болса, біреу алаяқтық бабы бойынша жазасын өтеген", - деді министр.
Ол қызметкерлерін кепілге алған күдіктімен келіссөзді қалай жүргізгенін де айтты.
"Мен қазір мән-жайды толық айта алмаймын. Өйткені тергеу жүріп жатыр. Жалпы, күдіктімен оқиға орнында кездестім. Өзім алдын ала онымен телефон арқылы сөйлестім. Сосын кіріп, кепілдікке алған азаматтарды босатуын сұрадым. Өйткені ол өзінің апасымен де сөйлесті. Алайда ырыққа көнбей бара жатқан соң, арнайы жасақтардың жұмысын бастадық", - деді шенеунік.
Еске салайық, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында келушілер жоқ.
"Қазір филиалда тек банк қызметкерлері ғана, филиалда келушілер жоқ. Тәртіп сақшылары қызметкерлерді қорқытқан ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күші ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз етуге бағытталды. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауыңызды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуіңізді сұраймыз. Кез келген жалған ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Kaspi Bank-те кәсіпқой келіссөзшілер кепілгермен сөйлесіп жатыр. Ер адам 7 адамды кепілге алғаны мәлім болды.
"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері.
Kaspi.kz қызметкерлерінің кепілге алынуы: куәгер оқиға қалай болғанын айтты
Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. Ішкі істер министрі басқыншының ұсталғанын растады.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек