- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ахметжан ЕСІМОВ: Көрме...
Ахметжан ЕСІМОВ: Көрме тақырыбының өзектілігі айрықша
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің Оңтүстік Кореядағы Yonhap News Agency ақпараттық агенттігіне берген сұхбаты.
– Әлемде энергияның дәстүрлі қазба көздеріне бағаның төмендеуімен байланысты экономикалық дағдарыс орын алып отыр. Қазірде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға көңіл бөлу арта түсуде. Осы ретте «ЭКСПО – 2017» жобасы – әлем елдерінің жетістіктерімен таныстыру үшін тамаша алаң, сонымен қатар осы салада одан әрі даму үшін қуатты күш. Сондықтан біздің көрме тақырыбының өзектілігі айрықша.
Қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) әлемдік тұтынудың 14%-ға жуығы келеді. 2050 жылға қарай оның жаһандық энергетикалық теңгерімдегі үлесінің ұлғаюы 35%-ға дейін жетеді деп болжап отырмыз.
Іс жүзінде дамыған елдердің барлығында бүгінде баламалы энергетикамен байланысты бағдарламалар әзірленіп, іске асырылуда және Корея осы саланы алдыңғы орындардың бірін иемденеді. Кореяның Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері саласына 2020 жылға дейін 36,6 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция салуға ниетті.
Жалпы алғанда, соңғы 10 жыл ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерге салынған жаһандық инвестиция – 3 трлн АҚШ доллары шамасында. Егер 2005 жылы осы мақсаттарға дүниежүзі бойынша 99 млрд доллар бағытталса, 2015 жылы 4 есе көп – 380 млрд доллар бағытталды, олардың ішінде инвестиция салу Қытайда – 103 млрд доллар, Еуропада – 48,8 млрд доллар, Азияда – 47,6 млрд, АҚШ-та 44,1 млрд долларды құрады.
Тақырыптың өзектілігі сонымен қатар тұрақты дамумен және қоршаған ортаға қосатын үлеспен де анықталады.
Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы контент арқылы толық көлемінде ашылып көрсетілетін болады. Мысалы, негізгі нысан – жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын диаметрі 80 метр шар 8 қабаттан тұрады, олардың әрқайсысында энергия түрлері (су, күн, жел және т.б.) таныстырылады.
Тақырыптың толық ашылып көрсеті-луі тұрғысынан 2 тақырыптық павильон қызықты екенi сөзсіз. Бұл павильондардың контентін, айта кетелік, кореялық «Сигонтек» компаниясы әзірлеуде, компанияның ЭКСПО көрмелерінде жұмыс істеу тәжірибесі мол (Милан, Йосу, Шанхай).
Біз үздік тәжірибелер аймағында (Energy best practices area) таныстырылатын баламалы энергия көздері саласындағы ең жаңа әзірлемелерге ерекше назар аударамыз.
Құрамына көрнекті ғалымдар, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары енген халықаралық комиссия 133 өтінімді қарап, олардың арасынан 24 жобаны іріктеп алды.
– Кореяның «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатындығы құпия емес. Елдің қатысуымен қоса, Астанадағы көрмеге Корея компаниялары қатыса ма? Корея компаниялары көрме шеңберінде бизнес үшін қандай мүмкіндіктер ала алады?
– Бүгінгі күні көрмеге қатысатындықтарын 106 ел және 17 халықаралық ұйым растады. Корея Республикасы көрмеге өз қатысуын алғашқы болып растағандардың бірі екендігін (2015 ж. тамыз) атап өткім келеді, жалпы ауданы 1 125 шаршы метрді алатын Корея павильоны ең үлкен халықаралық павильондардың бірі болады.
«Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы әлемдегі жетекші компаниялармен, соның ішінде кореялық компаниялармен де тығыз ынтымақтастықта екені сөзсіз.
Мысалы, көрмелер саласында көпжылдық тәжірибесі бар, соның ішінде «ЭКСПО Йосу – 2012» көрмесінде контент әзірлеу тәжірибесі бар «Сигонтек» компаниясы біздің көрменің тақырыптық павильондарының контентін әзірлеуге тартылды.
SAMSUNG әріптестік бағдарламасына қатысады және «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінің ғаламдық демеушісіне айналды.
Компания демеушілік бағдарламаға қосылып, көрменің корпоративтік әріптесіне айнала алады. Демеушілік санатына қарай әрбір әріптес белгілі бір артықшылықтарға ие болады. Әлемдік көлемдегі бірегей маркетингтік тұғырнама негізгі артықшылық болып саналады. Сонымен қатар демеушілердің белгілі бір санаттары көрмені өткізу кезеңінде өз тауарларын немесе қызметтерін өткізу айрықша құқығына ие болады.
10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін 93 күн өтетін «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалаушылардың жалпы саны 5 миллионнан асады.
Біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасында қалыптасқан дәстүрлі тығыз қарым-қатынастарды ескере отырып, Оңтүстік Корея – туристерді тарту тұрғысынан да, бизнестік қатынастарды дамыту тұрғысынан да басымдықты елдердің бірі.
Кореяның бизнес-қоғамдастығының және Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан–Корея ынтымақтастық орталығының ашылуы өтеді, осы орталық та «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесін Кореяда ілгерілететін болады.
Серiк ӘЛІМБАЕВ,
Сеул қаласы
T. Кіршібаев