Ағзаны қысқа қалай дайындаймыз: маман кеңесі

Қыс мезгілінің өз артықшылықтары бар: табиғат әдемі бола түседі, қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік туады және жұмысқа, отбасына, хоббиіңізге көбірек уақыт бөле аласыз. Алайда қыста жиі ауыра бермеу үшін оған ағзаны алдын ала дайындаған дұрыс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қыста ағза көп күш жұмсайды. Себебі қыста қарапайым нәрселерді орындаудың өзі көп энергия жұмсауды қажет етеді. Тіпті қарапайым далаға шығудың өзі көбірек уақыт пен күш жұмсауды қажет етеді: қабат-қабат киім кию керек. Суық мерзімдегі мұндай "жалқаулықтың" себебі бар: бұл кезде ағзадағы барлық зат алмасу процесі баяулайды. Бұл жеткілікті физикалық белсенділіктің болмауына, рациондағы дәрумендер мен микроэлементтердің азаюына, күн жарығының жетіспеушілігіне және т.б факторларға байланысты. Ағзаны қыс мезгіліне қалай дайындау керек? Қазақстандық терапевт Маржан Әбдіғалиева бірнеше пайдалы кеңес берді.

Маман ең алдымен ағзаның иммунитетін көтеру керектігін айтты.

"Адам ағзасы жыл-он екі ай бойы үздіксіз қызмет етіп келе жатыр. Әсіресе ағзаның иммундық жүйесі салқын мезгілде қарқынды жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан ең алдымен иммунитетті көтеру керек. Иммундық жүйенің қорғаныштық қасиеті бар. Алайда кей кездері адам ағзасында болып жатқан түрлі процестерге байланысты иммундық жүйе вирустар мен бактерияларға қарсылық білдіре алмай қалады. Қазірден бастап кей қарапайым әрекеттерді әдетке айналдыру арқылы иммунитетті көтеріп, ағзаны қыс мезгіліне дайындай аласыз", - дейді дәрігер.

Терапевт Маржан Әбдіғалиева иммунитетті көтеруге және ағзаны қысқа дайындауға көмектесетін бірнеше пайдалы кеңес ұсынды:

Ұйқы режимін сақтау

Ағзаны толыққанды демалыспен қамтамасыз етіңіз. 8 сағаттан аз ұйықтамауға тырысыңыз. Бұл иммунитетті қатайтуға, ағзаның жылдам қалпына келуіне және ағзаның вирустарға қарсы тұруына көмектеседі.

Жеткілікті су ішу

Су тепе-теңдігін сақтаңыз. Адам ағзасы 80% судан тұратындықтан, тәулігіне шамамен 1,5-2 литрге дейін су ішу керек. Байқасаңыз, ауырып келген науқасқа ең алдымен жылы суды көбірек ішу деп жазып береміз. Жасушаларға, асқорыту жолдарына, миға - барлық жүйе мен органға су қажет.

Физикалық белсенді болу

Өмір - қозғалыс. Жиі ауырмас үшін және суық мерзімге жылдам бейімделу үшін физикалық белсенді болу маңызды. Белсенділіктің қандай түрі болса да бәрібір. Биге қатысуға, таңертең жүгіруге немесе ұйықтар алдында серуендеу - қайсысын таңдасаңыз да, ағза шынығады және кез келген өзгеріске жылдам бейімделетін болады. Жаттығулар төзімділікті арттырады. Өмірлік күш беру үшін, көңіл күй көтеріңкі болу болу үшін жүйелі түрде жаттығу маңызды.

Ағзаны шынықтыру

Ағзаны шынықтыру иммунитетті қатайтуға, қан тамырлар тонусы мен ішкі органдар жұмысын жақсартуға, ағзаны ыдырау өнімдерінен тазартуға және оны төзімді етуге көмектеседі. Егер бұған дейін шынығу процедураларын жасап жүрмеген болсаңыз, оны біртіндеп бастаған жөн. Мысалы, қарама-қарсы душқа түсуді қолға алыңыз. Ол үшін жылы және салқын суды кезекпен ағызып, шомыласыз. 

depositphotos.com

Ауа райына сай киіну

Қыста ең алдымен тыныс алу органдарына қауіп төнеді. Созылмалы аурулар асқынып кетеді: бронхит, фарингит, ларингит. Иммунитетіңіз әлсіз болса, жедел респираторлық вирусты инфекцияларды жұқтырып алу қаупі артады. Сондай-ақ күзде және қыста цистит, пиелонефрит, нефрит секілді аурулар да асқынып кетеді. Салқын бүйрек пен несеп шығару жолдарына жағымсыз әсер етеді. Сондықтан ауа райына сай жылы киініңіз. Егер қатты тоңып қалсаңыз, жылдам үйіңізге жетіп, жылы суға түсіңіз және жылы сусын ішіңіз. 

Қыста да әдемі болып жүргіңіз келеді, алайда денсаулықты сақтау маңызды. Қазір басты жылы ұстауға көмектесетін түрлі сәнді аксессуарлар бар. Біріншіден, бас киімсіз суықта жүрсеңіз, ішкі құлақ қабынуы мүмкін. Екіншіден, менингит пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ суық шаш жағдайына жағымсыз әсер етеді. Сондықтан қыста бас киімсіз жүрмеңіз. Қазірден бастап өзіңізге ұнайтын, ыңғайлы, жылы әрі сәнді бас киім іздей беріңіз. 

Анализдер тапсыру

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, қыс түскенше негізгі анализдерді тапсырыңыз. Мысалы, жалпы және биохимиялық қан анализі, жалпы зәр анализі, қалқанша безінің гормондарына  және D дәруменіне анализ тапсырып, денсаулығыңыздың жағдайы қандай екенін біліңіз. Профилактикалық түрде С дәруменін қабылдауға болады. Бірақ ББҚ-ны тек дәрігердің тағайындауымен қабылдаңыз. Бұл базалық check-up. Ары қарай дәрігер анализ нәтижелеріне қарап, қажет болса қосымша тексерістерге жібереді.

Рационға қандай өнімдер қосу керек?

Суық мерзімге дайындыққа рационға түзетулер енгізу де кіреді. Дұрыс тамақтану иммунитетті көтеруге, ағзаны энергиямен қамтамасыз етуге және көптеген проблемалардың алдын алуға ықпал етеді.

"Рационға құнарлы, өсімдік және жануарлар майына бай тағамдарды қосу керек. Мысалы, майлы балық, тауық еті, жұмыртқа және т.б өнімдер. D дәруменіне және темірге бай өнімдер жайлы ұмытпаңыз. Сондай-ақ жасұныққа бай өнімдерді, яғни маусымдық жеміс-жидектер мен көкөністерді, көк шөптерді қосу керек. Иммунитетті көтеруге көмектесетін лимон, зімбір, жалбыз жайлы да ұмытпаңыз", - дейді дәрігер.

Дұрыс тамақтану: Пайдалы кеңестер

Тағы да оқи отырыңыз: D дәрумені қандай азық-түлікте бар?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз