- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ағылшын тіліне аударылған...
Ағылшын тіліне аударылған Шоқан Уәлиханов еңбектерінің таныстырылымы өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлыбритания Корольдігінің Елшілігімен бірлесіп, британдық журналист әрі жазушы Ник Филдингтің "Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері" және "Ұлы дала саяхатшылары" кітаптарының ағылшын тіліндегі халықаралық онлайн таныстырылымын өткізді.
Ник Филдинг – бұрын Қазақстанға бірнеше рет сапар шеккен белгілі жазушы, журналист. Сондай-ақ, ол ағылшын саяхатшылары Томас пен Люси Аткинсонның ұрпақтары туралы кітапты Қазақстанда ағылшын тілінде ұсынған болатын.
Белгілі қазақ ғалымы және ағартушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың тарихи-этнографиялық зерттеулерін "Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері: Ұлы дала этнографы және тарихшысы" кітабын алғаш рет ағылшын тілді оқырманға ұсынады.
Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтымен ынтымақтастықта жарық көрген бұл жинақта Шоқан Шыңғысұлының Орталық Азияның географиясы, тарихы, этнографиясы және экономикасы аспектілеріне арналған аса маңызды ғылыми еңбектері топтастырылған. Жүрегі қазақ деп соққан зерттеушінің алдында әлемдік өркениеттің жетістіктерімен байланыста бола отырып, әлем халықтары арасындағы өз халқының орнын айқындау міндеті тұрды.
Шоқан Уәлихановтың еңбектері алғаш рет 150 жылдан соң ғана ағылшын тіліне аударылып отыр. 1865 жылы Лондонда жарияланған жинақтарда оның тек төрт эссесі аударылған болатын. Сондықтан 20 эссенің ағылшын тіліне аударылып, басылып шығуы – қазақ ғылымы үшін ерекше оқиға.
Ник Филдингтің "Ұлы даладағы саяхатшылар: папалық елшілерден орыс революциясына дейін" атты жаңа кітабы - Азияның қақ ортасында орналасқан елдер үшін маңызды тарихи мұра.
Кітапта әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілердің, аттары ұмыт қалған саяхатшылардың әңгімелері жинақталған. Олардың саяхат барысындағы қиындықтары, жетістіктері мен сәтсіздіктері толық сипатталған. Кітап түрлі-түсті иллюстрациялық суреттер мен карталармен сипатталған.
Н. Үсенова