Ағылшын тілін білу рейтингі: Қазақстан қай орында?

Сарапшылар ағылшын тілінде сөйлемейтін елдердің рейтингін жасады. Бұл рейтинг қай елдердің жергілікті тұрғындары ағылшын тілінде жақсы сөйлейтінін көрсетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

2024 жылғы EF English Proficiency Index (EF EPI) жыл сайынғы есебіне сәйкес ағылшын тілінде сөйлемейтін елдер арасында Нидерланды ағылшын тілін жетік меңгерген ел болды. Ал Қазақстан 116 елдің ішінде 103-ші орында тұр, бұл ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Ең үздік және нашар көрсеткіштер

Есеп деректеріне сәйкес, Нидерланды 636 индексімен алтыншы жыл қатарынан көшбасшы орынды ұстап тұр. Олардың артынан Норвегия (610) және Сингапур (609) келеді. Ал рейтингтің соңғы орындарында Йемен (394), Тәжікстан (412) және Ливия (415) тұр.

Үздік ондыққа Швеция (608), Хорватия (607) және Дания (603) сияқты еуропалық мемлекеттер кірді.

Қазақстанның деңгейі

Қазақстан 427 индексімен 103-ші орында тұр, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (477) едәуір төмен. Ел ішінде Алматы (476) және Астана (469) көш бастап тұр, ал Жамбыл (356) және Түркістан (360) өңірлері ең әлсіз нәтиже көрсетті. Бір қызығы, Қазақстандағы ер адамдар (438) әйелдерге (417) қарағанда ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетеді.

Ең жақсы көрсеткіш 26-30 жас (индексі 459) аралығындағы адамдарда, ал ең төменгі көрсеткіш 18-20 жас (359) аралығындағы жастарда деп тіркелген.

Әлемдік тенденция

Дүниежүзінде ағылшын тілін меңгерудің жалпы деңгейі төмендеп барады: елдердің шамамен 60 пайызы өткен жылмен салыстырғанда нашар нәтиже көрсетті. Әсіресе Азияда айтарлықтай төмендеу байқалады. Мысалы, Үндістан мен Қытайдағы көрсеткіштер нашарлай түскен. Ал Таяу Шығыс аймағы, соның ішінде Сауд Арабияда жақсару байқалды.

Гендерлік тұрғыдан алғанда, көптеген елде ерлер әйелдерге қарағанда ағылшын тілін жақсы меңгерген, бірақ айырмашылық біртіндеп азайып келеді. Бірақ Африкада ерлерге қарағанда әйелдер жақсы нәтиже көрсетті.

Ағылшын тілін жақсы меңгерген топ-10 ел:

  1. Нидерланды - 636;
  2. Норвегия - 610;
  3. Сингапур - 609;
  4. Швеция - 608;
  5. Хорватия - 607;
  6. Португалия - 605;
  7. Дания - 603;
  8. Греция - 602;
  9. Австрия - 600;
  10. Германия - 598.

Төмендегі елдер рейтингте мынадай нәтиже көрсетті:

  • Украина - 535 (40-шы);
  • Ресей  -532 (44-ші);
  • Түркия - 497 (65-ші);
  • Моңғолия - 464 (84-ші);
  • Әзербайжан - 462 (86-шы);
  • Қырғызстан - 457 (88-ші);
  • Қытай - 455 (91-ші);
  • Жапония - 454 (92-ші);
  • Өзбекстан - 439 (98-ші);
  • Тәжікстан - 412 (109-шы).

Рейтингтің соңғы орнына Йемен (394) орналасты.

Еске салайық, бұған дейін желіде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде күзетші болып жұмыс істейтін 55 жастағы ер адам ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жұртты тәнті етті. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен сұхбаттасқан болатын. Толығырақ мына материалдан оқи аласыздар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз