Халық әні "Әгугайға" жаңа дем сыйлаған Ақсұлтан мен Медеттің feat-і Желіде хитке айналды. Олар ескі әнге ремикс жазып, заманауи стильде орындап шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақсұлтан Ислам - Ақтау қаласының, ал Медет Сағынбек - Тараз қаласының тумасы. Тарих пен бүгінгі болмысты байланыстыра білген әншілер бос уақытта мейрамханаларда өнер көрсетеді.
Сұхбат барысында қалың елдің назарын аудару үшін қанша қаржы жұмсағанын жасырып қалды. Ақсұлтанның айтуынша, халық әнін жаңа форматта өңдеп, бейнебаян түсіру - оның ұсынысы.
"Идея маған тиесілі. Күз мезгілінде Айым есімді дос қызым желідегі тікелей эфирге кіргенде, көңіл күйді көтеру мақсатында "Айың тусын оңыңнан" деп айтқан болатынмын. Содан кейін TikТok желісіне салдым. Видео 70 мыңнан аса қаралым жинаған соң, Медетке ырғағын өзгертейік дегенмін. Содан шыққан дүние бұл", - деді ол.
Жанды дауыста ән шырқайтын жігіттер әні мен сөзін өздері түрлендірген.
"Әнді өңдеу барысында Ақсұлтан әнін шығарып, мен сөзін жаздым. Ал музыкалық аспапқа бейімдеп, әрлеген Талант Құрманғалиев ағамыз", - дейді Медет Сағынбек.
Бұл туынды небәрі 3-4 күннің ішінде Желіде хитке айналған. 92 мың адам қазақтың ұлттық киімдерімен ән салып, би билегенін түсіріп, ерекше стильде ұсынылған туындыға ыстық ықыласын білдірген. Ал TikТok желісіндегі қаралым саны 400 мыңнан асқан.
@aqsultaan Хит қыламызбааа Ағаееен..?) ? Тренд қылсаақ шығаратын боламыз ❤️? #рекомендации #реки #рек #flypシ #flyp #ryp #elbruso✨ #тренд ♬ Agugai Aqsultan Medet - MEDET
@zengirr♬ Agugai Aqsultan Medet - MEDET
@abilovva_m7 ???
♬ Agugai Aqsultan Medet - MEDET
Әннің тыңдарман көңілінен шыққанын YouTube желісінде жазылған пікірлерден де байқауға болады.
"Аспаптардың дауысы сендердің дауыстарыңмен өз үйлесімін керемет тауыпты", "Әдемі ән, жаңаша дем. Қайталап тыңдайтын әнімнің бірі болады", "Жарайсыңдар, жігіттер!" - деп жазған Желідегілер.
@damelya_sw_ ?
♬ Agugai Aqsultan Medet - MEDET
Қазіргі заманның тілімен айтқанда, хайп бар жерде, хейт те бар. Бұл әнге көңілі толмай, теріс пікір қалдырған тыңдармандар да табылды. Бұл жағдайды өнер алаңына енді қадам басқан әншілер қалай қабылдады?
"Шынымды айтсам, осы күнге дейін халықты зерттеп келе жатқан адаммын. Қандай әртіс болса да жаңа дүние, жаңа стиль әкелетін болса ең бірінші хейт кетеді. Содан кейін барып қабылдай бастайды. Тура сол сияқты жағдай біздің де басымызға тиді. Бірақ біз көңіл күй түсіріп, энергиямызды құртпадық. Керісінше, бұл біздің танымал болуымызға себеп болды. Біз өзіміздің мүмкіндігімізді білетін жандармыз, біле тұра негативке көңіл күй түсіру қате деп ойлаймын", - дейді Ақсұлтан Ислам.
Махаббаттан шабыт алатын жас әншілер алдағы уақытта тағы да 2-3 әнді заманауи бағытқа икемдеп көрмек. Олардың шығармашылығындағы ерекшелік - ескі әндерге жаңа өмір сыйлау.
"50-ге жуық туындым бар. Алайда қазір түрімізді халыққа танытып, тыңдарман жинау жоспарда. Содан кейін өз туындыларымызды халыққа паш етеміз", - дейді Ақсұлтан өз төл туындысын шығару жайында.
Сонымен қатар, жас таланттар өз армандарын бөлісті. Ақсұлтан өнердің шыңына жетіп, тыңдарманға үлгі болар тұлға болуды көздесе, Медет өлмес ән қалдырып, үлкен ареналарда ән шырқауды, Қазақстанның мәдениетіне жаңашылдық әкелуді мақсат етеді екен.
Ақсұлтан мен Медет өнерге бала күнінен қызығып, бойына дарытқан. Медет Сағынбектің әкесі өнер саласын таңдауына қарсы болған. Десе де, ол өз таңдауын жасап Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының "Эстрада вокал" мамандығы бойынша білім алып жатыр. Арманының соңынан ергені бекер де емес, себебі енді ол да еліміздің эстрада жұлдыздарының қатарында. Медет бос уақытында атқа мінгенді, тауға шыққанды және волейбол ойнағанды жақсы көреді. Ал Ақсұлтан "бос уақытымды ұйқыға арнаймын" деп әзілдейді.
"Құлақтан кіріп бойды алатын" әндердің жарыққа шығуы - жастардың қазақ өнерін, тарихын, болмысын, ұлттық нақышын қастерлейтіндігінің айғағы. Ескі өнерді жаңа заманның талабына үйлестіру арқылы шынымен де, ел есінде қалады. Сонымен қатар, жас ұрпаққа әрі үлгі, әрі мәдени азық боп қалмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!