Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары «Мамытбеков тұсында қолға алынған ет экспорты жобасының неге сәтсіздікке ұшырағанын» және ол қателікті қайталамау үшін не жасалып жатқанын айтып берді.
Ел басшылығының тапсырмасымен, бүгінде АШМ агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын түсіндіруде. Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов ауыл-аймақты аралап қайтқан. Енді бұл құжаттың егжей-тегжейімен Парламент депутаттары және журналистер танысты. Асқар Мырзахметов тиімділігін арттыру мақсатында субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізудi жоспарланғанын айтады. Оның мәліметінше, Қазақстанда мал шаруашылығын субсидиялаудың 33 бағыты бар, осы бағыттарға 2015 жылы 69 миллиард теңге бөлінген. Ал жаңа бағдарлама аясында жалпы құны 34,5 млрд теңге тұратын субсидияның 6 түрі қайта қаралады. Өйткені сүт, сиыр мен қой етін өндіруге берілетін субсидияларды, негізінен, тек ірі шаруашылықтар алып отыр (жалпы соманың 60 пайызына). Мысалы, сиыр еті бойынша мемлекет демеуқаржысының басым бөлігі небәрі 19 ірі бордақылау алаңына беріледі екен. Дәл осындай жағдай АШМ дерегінше, сүт өндірісі саласында да қалыптасуда. Әрине, осылайша, әбден монополияландырылған сала қалай өссін? Қатаң бәсеке туралы әңгіме қозғау да ащы кекесін туғызары сөзсіз.
Сондықтан жаңа өндірістерді қол-дау мақсатында мемлекет енді критерийлерді төмендетуде: тиісінше, ет өндірісі бойынша субсидияны бұрынғыдай бордақылайтын малының басы 400-ден емес, 100-ден асатын шаруашылықтар да ала алмақ. Бұған қоса, субсидия алу мүмкіндігі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне де берілді. Бұл қорасында мал ұстайтын ауылдықтарды өзара бірігіп, ет, сүт кооперативтерін құруға ынталандыру үшін жасалуда. Осы шаралар нәтижесінде, «субсидия алатындар саны 2,5 есеге көбейеді» деп күтілуде.
Тағы бір жаңалық: «етті асылтұқымды төл басының жеткілікті болуы-на байланысты» Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден етті асылтұқымды ірі қара әкелуге субсидия беруді тоқтатады. Одан босаған қаражат ет өнімдерін (мысалы, консервіленген ет) өндіру ісін демеуқаржымен қолдауға бағытталады.
Ақырғы нәтижеге бағдарланбағандықтан, мал басына беріліп келген «шырынды және ірі азық-жемді субсидиялау» да жойылады, оның орнына бұл қаражат ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сатылатын құрама азықты (комбикорм) субсидиялауға арна тартпақ. Мұның сыртында төлдемесе де, әр сиыр басына төленіп келген селекциялық-асылдандыру жұмысын субсидиялау секілді өнімсіз тәжірибе де тарих қойнауына жол тартпақ, енді мемлекет демеуқаржыны жаңа туылған асыл- тұқымды бұзау басына беретін болады.
АШМ бұрынғы біраз «қиялдарынан» да бас тартпақ. Мәселен, министрлікті Асылжан Мамытбеков басқарып тұр-ған тұста «Ірі қара малдың етін экспорттау әлеуетін дамыту» жобасына біраз қаржы шығындалған. Бұл жоба тіпті АӨК-ті 2020 жылға дейінгі даму мембағдарламасының бір бөлігіне айналдырылған. Ол бойынша 2016 жылға қарай (яғни, биыл) жыл сайынғы ет экспорты көлемін 60 мың тоннаға жеткізу туралы міндет-меже белгіленген. Ауыл шаруашылығы мамандары мен сарапшылар сала инфрақұрылымның бір жүйеге келтірілмегендігін, арнайы техниканың тапшылығын, тіпті етті алысқа тасымалдау үшін мал соятын орындарда етті сақтауға арналған тоңазытқыштар жетіспейтіндігін және басқа да дәлел-дәйектерді алға тарта отырып, мұны құрғақ қиял деп атаған еді.
Белгілі маман Ясин Ұзақов отандық фермалардың бір ауысымда 30 тонна ет өндірмейтінін айтады: «Менің ойымша, өз елін етпен толық қамтамасыз ете алмай отырған елдің оны басқа елдерге молынан экспортқа шығару жөнінде айтуына әлі ерте. Біз бәрін басынан бастаудамыз. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мал сою цехтары, мал бордақылау алаңдары жоқ екендігін есепке алмаймыз» дейді сарапшы.
Мұны министрлік жаңа мойындап отыр. «Сол кезде расында, 2016 жылдың қорытындысында ет экспорты 60 мың тоннаны құрайды деген уәде берілген. Қазір бұл сандар жоқ. Өткен жылы ет экспорты 6 мың тонна болды, биыл шамамен 10 мың тоннаны құрамақ. Сол жобада бірқатар қателіктерге орын берілген. Сол себепті, жаңа мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасында басқа сандар болады» дейді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Оның айтуынша, 60 мың тонна ет экспорты деген көрсеткіш өмір шындығымен еш қабыспайды. Қазіргі кезде ет экспорты бойынша шынайы жоспар 10 мың тоннадай екен. Оның үстіне бұл салаға бірқатар фактор кері әсерін тигізді. Мәселен, елімізде күйдіргі секілді қауіпті дерттердің мал арасында өріс алуы кесірінен Ресеймен және басқа елдермен шекара бірнеше рет жабылды.
Қалай болғанда, ел Үкіметі бір басқан кетпенін қайта баспау үшін мал және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға кешенді түрде келіп, осы екі саланың өзара үйлесімде дамуына қол жеткізбек. Бұл ретте біраз жаңалық өмірге жолдама алады.
– Біз Қазақстан тарихында тұңғыш рет елдің азық-жем балансын құрамыз, – деп хабарлады журналистерге АШМ 1-вице-министрі. – Ол бидай, арпа, сұлы және басқаларынан тұрады. Оның ішіне көпжылдық шөптер де кіретін болады. Министрлік қолда бар мал басына шаға отырып, елімізге бір жылда қанша азық-жем керектігін есептеп шықты. Мысалға, қазір көпжылдық шөптер республикада 1,6 миллион гектар жерге егіледі. Біз 2021 жылға дейін бұл көлемді 3,9 миллион гектарға дейін ұлғайтуға тиіспіз. Бұл ретте бір гектардан бір тонна көпжылдық шөп орыла-ды десек, осыдан-ақ бізге шөптің осы түрінің қанша тоннасы жетіспейтінін есептей беріңіз. Сол себепті осы бағытта да жұмыстар қолға алынуда. Өйткені көпжылдық шөптер бірден өнім бермейді, егер келер жылғы күзде ексеңіз, 2018 жылы бұл шөпті шаба алмайсыз, тек 2019 жылы ғана ору науқанын жүргізуге болады.
Яғни, Қазақстан бұл салада кезең-кезеңмен алға жылжи отырып, келешекте еселеп өсер мал басы ашықпауы үшін азық-жем теңгерімін қалыптастырады. «Бұған қол жеткізбей, мал шаруашылығының өнімділігінен үміт қылу – бос тірлік болмақ» дейді Қ.Айтуғанов.
Бүгінде елімізде 72 азық-жем зауыты бар екен. Мұның сыртында ауылда осы бағытта да кооперация үрдісі жүруде. Тиісінше, бұл өнеркәсіптің дамуы енді-енді қарқын алып келеді. Азық-жемді басты тұтынушылар – мал бордақылау алаңдары, құс өсіру фабрикалары болып отыр. Қазіргі уақытта олардың қатарына жаңа сала – ауыл шаруашылығы кооперативтері қосылуда. Демек, ішкі тұтыныс барған сайын өспек. Осыған орай мемлекет бидайдың бір бөлігін енді құрама азық-жемді әзірлеуге де пайдаланады. Атап айтқанда, 4, 5-сұрыптағы бидай азық-жемге бағытталады.
АШМ журналистерді елең еткізген тағы бір жаңалығын жеткізді.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығын біздің сала біраз жетістіктермен қарсы алып отыр. Биылғы жылы астық жинаудан ел тарихындағы кезекті ерен рекорд орнатылды. Алдын ала дерек бойынша биыл 26 миллион 700 мың тонна астық жиналды. Оның ішіне бидай да, арпа да, сұлы да – барлық дәнді дақылдар бар. Рас, әзірге түпкілікті статистика жоқ, ол біздің қолымызда тек 1 желтоқсанға қарай болады. Өйткені кейбір дақылдар қазан мен қарашада жиналды. Шындап келгенде, ору науқаны әлі күнге жүруде. Атап айтқанда, күнбағыс секілді майлы дақылдар жиналуда, – деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.
Аста-төк астықты сақтау үшін қоймалар бойынша тапшылық туа ма деген қауіп болған екен. Алайда қазір олар толмай қалған көрінеді. Себебі, диқандар, шаруа қожалықтары өздері орған егінін өз қоймаларында сақтауда. «Олар күтіп отыр. Биыл Ресейде де, Украинада да егін бітік шықты. Олар оны молынан экспортқа шығаруда. Ал ендігі жыл басынан, наурызға қарай Қазақстан өз астығымен сыртқы нарықтарға шыға бастайды» деді Қ.Айтуғанов.
Елдос СЕНБАЙ
aikyn.kz