Аграрлық салада жаңалық мол

Аграрлық салада жаңалық мол
Фото: aikyn.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары «Мамытбеков тұсында қолға алынған ет экспорты жобасы­ның неге сәтсіздікке ұшырағанын» және ол қателікті қайталамау үшін не жасалып жатқанын айтып берді.

Ел басшылығының тапсырмасы­мен, бүгінде АШМ агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытудың жаңа мем­лекет­тік бағдарламасы тұжырымдама­сын түсіндіруде. Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашы­лығы министрі А.Мырзахметов ауыл-аймақты аралап қайтқан. Енді бұл құжаттың егжей-тегжейі­мен Парламент депутаттары және журналистер танысты. Асқар Мырзахметов тиімділігін арт­тыру мақ­сатында субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізудi жоспар­ланғанын айтады. Оның мәліметінше, Қазақстанда мал шаруа­шылығын суб­сидиялаудың 33 бағыты бар, осы ба­ғыттарға 2015 жылы 69 миллиард тең­ге бөлінген. Ал жаңа бағдарлама ая­сын­да жалпы құны 34,5 млрд теңге тұратын суб­сидияның 6 түрі қайта қаралады. Өйт­кені сүт, сиыр мен қой етін өндіруге бері­ле­тін субсидияларды, негізінен, тек ірі шаруа­­шылықтар алып отыр (жалпы со­маның 60 пайызына). Мысалы, сиыр еті бойын­ша мемлекет демеуқаржы­сының ба­­сым бөлігі небәрі 19 ірі бор­дақылау алаңы­­на беріледі екен. Дәл осындай жағдай АШМ дерегінше, сүт өндірісі саласында да қа­лыптасуда. Әри­не, осылайша, әбден мо­нополиялан­ды­рылған сала қалай өссін? Қатаң бәсеке туралы әңгіме қозғау да ащы кекесін туғызары сөзсіз.

Сондықтан жаңа өндірістерді қол­-дау мақ­сатында мемлекет енді крите­рий­лерді төмендетуде: тиісінше, ет өн­ді­рісі бойынша субсидияны бұрынғы­дай бордақылайтын м­алының басы 400-ден емес, 100-ден аса­тын шаруашы­лықтар да ала алмақ. Бұған қоса, суб­си­дия алу мүмкіндігі ауыл шаруа­шыл­ығы кооперативтеріне де берілді. Бұл қо­расында мал ұстайтын ауылдықтарды өзара бірігіп, ет, сүт кооперативтерін құруға ын­таландыру үшін жасалуда. Осы шаралар нә­тижесінде, «субсидия алатындар саны 2,5 есеге көбейеді» деп күтілуде.

Тағы бір жаңалық: «етті асылтұ­қымды төл басының жеткілікті болуы­-на бай­ла­ныс­ты» Ауыл шаруашылығы министрлігі шет­елден етті асылтұқым­ды ірі қара әкелуге суб­сидия беруді тоқ­татады. Одан босаған қа­ражат ет өнім­дерін (мысалы, консер­вілен­ген ет) өн­діру ісін демеуқаржымен қол­дауға ба­ғытталады.

Ақырғы нәтижеге бағдарланбаған­дық­тан, мал басына беріліп келген «шы­рынды жә­не ірі азық-жемді субси­дия­лау» да жойы­лады, оның орнына бұл қаражат ауыл шаруа­шылығы коопе­ративтеріне саты­ла­тын құрама азықты (комбикорм) субси­дия­лауға арна тарт­пақ. Мұның сыртында төл­демесе де, әр сиыр басына төленіп кел­­ген селек­ция­лық-асылдандыру жұмы­сын субсидия­лау секілді өнімсіз тәжірибе де тарих қойнауына жол тартпақ, енді мем­лекет демеуқаржыны жаңа туылған асыл- тұқымды бұзау басына беретін болады.

АШМ бұрынғы біраз «қиялдарынан» да бас тартпақ. Мәселен, министрлікті Асыл­жан Мамытбеков басқарып тұр­-ған тұста «Ірі қара малдың етін экс­порттау әлеуетін да­мыту» жобасына біраз қаржы шығын­дал­ған. Бұл жоба тіпті АӨК-ті 2020 жылға дейін­гі даму мембағдарламасының бір бөлігіне ай­налдырылған. Ол бойынша 2016 жылға қарай (яғни, биыл) жыл сайынғы ет экспорты көлемін 60 мың тоннаға жет­кізу ту­ралы міндет-меже белгіленген. Ауыл шаруашылығы мамандары мен сарапшылар сала инфрақұрылымның бір жүйеге келтірілмегендігін, арнайы техниканың тап­шылығын, тіпті етті алысқа тасымалдау үшін мал соятын орындарда етті сақтауға арналған то­ңазытқыштар жетіспейтіндігін және басқа да дәлел-дәйектерді алға тарта отырып, мұны құрғақ қиял деп атаған еді.

Белгілі маман Ясин Ұзақов отандық фермалардың бір ауысымда 30 тонна ет өндірмейтінін айтады: «Менің ойымша, өз елін етпен толық қамтамасыз ете алмай отырған елдің оны басқа елдерге молынан экспортқа шығару жөнінде айтуына әлі ерте. Біз бәрін басынан бас­таудамыз. Ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес келетін мал сою цехтары, мал бордақылау алаңдары жоқ екендігін есепке алмаймыз» дейді са­рапшы.

Мұны министрлік жаңа мойындап отыр. «Сол кезде расында, 2016 жылдың қо­рытындысында ет экспорты 60 мың тон­наны құрайды деген уәде берілген. Қазір бұл сандар жоқ. Өткен жылы ет экспорты 6 мың тонна болды, биыл шамамен 10 мың тоннаны құрамақ. Сол жобада бірқатар қа­теліктерге орын берілген. Сол себепті, жаңа мемлекет­тік бағдарламаның тұжы­рым­дамасында басқа сандар болады» дейді Ауыл ша­руашылығы бірінші вице-ми­нистрі Қайрат Айтуғанов.

Оның айтуынша, 60 мың тонна ет экспорты деген көрсеткіш өмір шын­ды­ғы­мен еш қабыспайды. Қазіргі кезде ет экс­пор­ты бойынша шы­найы жоспар 10 мың тон­надай екен. Оның үстіне бұл салаға бір­­қатар фактор ке­рі әсерін ти­гізді. Мә­се­лен, елімізде күй­дір­гі секілді қауіпті дерт­тер­­дің мал арасын­да өріс алуы кесірінен Ре­­сеймен және басқа елдермен шекара бір­­неше рет жабылды.

Қалай болғанда, ел Үкіметі бір басқан кетпенін қайта баспау үшін мал және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға кешенді түрде келіп, осы екі саланың өзара үйлесімде дамуына қол жеткіз­бек. Бұл ретте біраз жаңалық өмірге жолдама алады.

– Біз Қазақстан тарихында тұңғыш рет елдің азық-жем балансын құра­мыз, – деп хабарлады журналистерге АШМ 1-вице-министрі. – Ол бидай, ар­па, сұлы және басқаларынан тұрады. Оның ішіне көпжылдық шөптер де кі­ре­тін болады. Министрлік қолда бар мал басына шаға отырып, елімізге бір жылда қанша азық-жем керектігін есептеп шықты. Мысалға, қазір көпжылдық шөп­тер республикада 1,6 миллион гек­тар жерге егіледі. Біз 2021 жылға дейін бұл көлемді 3,9 миллион гектарға дейін ұлғайтуға тиіспіз. Бұл ретте бір гек­тар­дан бір тонна көпжылдық шөп орыла­-ды десек, осыдан-ақ бізге шөптің осы түрінің қанша тоннасы жетіспейтінін есептей беріңіз. Сол себепті осы ба­ғытта да жұмыстар қолға алынуда. Өйт­кені көпжылдық шөптер бірден өнім бермейді, егер келер жылғы күзде ек­сеңіз, 2018 жылы бұл шөпті шаба ал­майсыз, тек 2019 жылы ғана ору нау­қанын жүргізуге болады.

Яғни, Қазақстан бұл салада кезең-кезеңмен алға жылжи отырып, келе­шек­те еселеп өсер мал басы ашық­пауы үшін азық-жем теңгерімін қа­лыптастырады. «Бұған қол жеткізбей, мал шаруашылығының өнімділігінен үміт қылу – бос тірлік болмақ» дейді Қ.Айтуғанов.

Бүгінде елімізде 72 азық-жем зауыты бар екен. Мұның сыртында ауылда осы бағытта да кооперация үрдісі жүруде. Тиісінше, бұл өнеркәсіптің дамуы енді-енді қарқын алып келеді. Азық-жемді басты тұтынушылар – мал бордақы­лау алаңдары, құс өсіру фабрикалары бо­лып отыр. Қазіргі уақытта олардың қа­тарына жаңа сала – ауыл шаруа­шы­лы­ғы кооперативтері қосылуда. Демек, ішкі тұтыныс барған сайын өспек. Осыған орай мемлекет бидайдың бір бөлігін енді құрама азық-жемді әзір­леуге де пайдаланады. Атап айтқанда, 4, 5-сұрып­тағы бидай азық-жемге ба­ғытталады.

АШМ журналистерді елең еткізген тағы бір жаңалығын жеткізді.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығын біз­дің сала біраз жетістіктермен қарсы алып отыр. Биылғы жылы астық жи­наудан ел тарихындағы кезекті ерен рекорд орнатылды. Алдын ала дерек бо­йынша биыл 26 миллион 700 мың тонна астық жиналды. Оның ішіне бидай да, арпа да, сұлы да – барлық дәнді дақылдар бар. Рас, әзірге түпкі­лікті статистика жоқ, ол біздің қолы­мызда тек 1 желтоқсанға қарай болады. Өйткені кейбір дақылдар қазан мен қарашада жиналды. Шындап келгенде, ору науқаны әлі күнге жүруде. Атап айтқанда, күнбағыс секілді майлы да­қылдар жиналуда, – деді ауыл шаруа­шылығы бірінші вице-министрі.

Аста-төк астықты сақтау үшін қой­малар бойынша тапшылық туа ма деген қауіп болған екен. Алайда қазір олар толмай қалған көрінеді. Себебі, ди­қандар, шаруа қожалықтары өздері ор­ған егінін өз қоймаларында сақтауда. «Олар күтіп отыр. Биыл Ресейде де, Украинада да егін бітік шықты. Олар оны молынан экспортқа шығаруда. Ал ен­дігі жыл басынан, наурызға қарай Қазақстан өз астығымен сыртқы нарық­­тарға шыға бастайды» деді Қ.Айту­ғанов.

Елдос СЕНБАЙ

aikyn.kz

T. Кіршібаев