Ағасының үйінде өсірген: Түркістан облысында бір тәулікте екі есірткі егу дерегі анықталды

Ағасының үйінде өсірген: Түркістан облысында бір тәулікте екі есірткі егу дерегі анықталды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында бір тәулікте 2 есірткі егу дерегі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оның бірі - есірткі зертханасына қатысты дерек. Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Қарасора - 2023" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткіні ерекше әдіспен өсірген кентаулық тұрғынды анықтады. Ер адамның үйін тінту кезінде жатын бөлмесінен ішінде есірткіге ұқсас заты бар 11 сіріңке қорабы табылды. Одан әрі жедел ақпарат көздері арқылы оның ағасының үйінде есірткі өсіретіні анықталды. Нақтырақ айтсақ, күдікті туысының пәтеріне есірткі өсімдіктерін өсіруге арналған фитозертхана жасаған. Яғни, пәтердің бір бөлмесін арнайы фитожарықтандырғышпен жабдықтап, есірткінің өсуіне қажет барлық жағдайды қамтамасыз еткен.

Жедел уәкілдер оқиға орнынан "заңсыз бақша", яғни есірткіге ұқсас өсімдік өсірілген 18 гүл құмырасын тапты. Бұл ыдыстардан 46 сабақ пен 3 түп сора өсімдігі тәркіленіп алынды. Алынған есірткі заттарына сараптама тағайындалды, зерттеу қорытындысы марихуана есірткісі екенін растады. Одан бөлек пәтерден 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тексеріс кезінде бұл қару бірнеше жыл алдын болған пәтер ұрлығы кезінде ұрланған қару болып шықты. Қазіргі күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, ПД-ның экстремизмге қарсы күрес басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдері деструктив діни ағым жақтаушы ретінде есепке алынған түркістандық ер адамды есірткі егумен айналысқаны үшін құрықтады. Тәртіп сақшылары анықтаған жедел ақпарат нәтижесінде, күдіктінің ауласынан 2300-ге жуық егілген есірткіге ұқсас түптер алынды. Сонымен қатар, шыны ыдысқа салынған есірткіге ұқсас зат алынды. Сараптама тағайындалды. Нәтижесінде алынған түптер  жалпы салмағы 60 келіге жуық сора есірткісі болып шықты. Ал шыны ыдыстағы 35 грамнан асатын марихуана екені дәлелденді. Күдікті қамауда. Бұл екі дерек те ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді, тергеу жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова