"Ағасының жүрегіне пышақ сұққан". Түркістан облысында жантүршігерлік іс қаралды
Түркістан облысында туған ағасына пышақ сұққан Н. есімді ер адамға қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Іс материалдарында ол 2022 жылғы 21 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында ағасы Е.-мен сөзге келіп қалған. Жәбірленуші Е. сотталған Н.-ні ұрып жіберген. Сотталушы Н. ағасына қол көтермей, үйінен үш километр жердегі баудағы арқандаулы тұрған малдарына қарауға ВАЗ-2106 маркалы автокөлігіне отырып кетіп қалған.
Келесі күні сағат 07:30 шамасында үйіне келіп, тамақтанып отырғанда, жәбірленуші Е. қарызға берген 100 мың теңге ақшасын сұраған, сонда сотталушы Н. қазір ондай ақшасы жоғын, кейін малын сатып беретінін айтқан, сол уақытта ұрыс шығып, бір-бірімен төбелескен.
Сотталушы Н. не істерін білмей, ағасына шамасы жетпейтінін біліп, асхана пышағын алып, жәбірленуші Е.-нің жүрегінен бір рет сұғып алған. Салдарынан жәбірленуші Е. оқиға орнында қаза болған. Бұл туралы Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.
27 ақпанда соттың үкімімен сотталушы Н.-ға Қылмыстық Кодекстің 112-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енбеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек