"Ағасы, сізді де өртейік пе?" Өскеменде түрмеге "сәлемдеме" жеткізушілер тұрғындар үрейін алып отыр

"Ағасы, сізді де өртейік пе?" Өскеменде түрмеге "сәлемдеме" жеткізушілер тұрғындар үрейін алып отыр
Фото: ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметі

Красин кентіндегі Леваневский көшесімен өткен әрбірі биік қашамен қоршалған мекеме мен жер үйлердің әлдекімдер үшін "алтын көпірге" айналғанын жақсы түсінеді. Түндегі сатыр-сұтыр дыбыстан шошып оянады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аталған көше тұрғындары мұны беймаза шақтағы "соғысқа" теңеді. Қашаның биіктігі алты метрден асады. Бірі екі-үш жыл бұрын "ерлікпен айқасып" аз уақытқа болсын тыныштық әперсе, өзгесі олардың жолын кесу үшін жаңа тәсіл ойластыруда. Тіпті ұйқысы бұзылған қарттардың бірі ашуға мініп, лом алып соңдарына түскенде: "Ағасы, сізді де өртеп жіберейік пе?!" деп сес көрсетсе керек. Ұйқы мен күлкіден қалған көпшілік қоршаудың ары жағында темірдей тәртіп орнаса тыныштық болады дейді.

Аты-жөнін өзгертіп беруді өтінген Қуат Мұратовтың айтуынша, құқық қорғау органындағылар осы жақты патрульдеу үшін қызметтік көліктердің аз екендігін айтыпты.

"Әншейінде қала ішінде толассыз жүйткіп жүретін мәшинелер осыған келгенде құрып қалғаны қалай? Жылдар көлемінде арпалысып жүрген көршілер бірлесе әрекет етсе де, шектен шыққандарды уыстарына түсіре алмаған. Қимылдары көз ілеспес", - дейді ол.

Леваневский 60, 62 мекенжайынан бастап қатарлас үйлердің әр тұрғыны осыған дейін қашаларын сан рет бояп, сынғандарын талай мәрте қалыпқа келтірген. Ол аздай түзету мекемелерінің қызметкерлері шағым жиі түскен үйлердің қашаларына тікенді сым орнатқан.

"Үнемі "алдыңғы шепте" алысып жүргендіктен көбінің маған деген кекшілдігі аз емес. Содан болар, 2020-шы жылы көлігімді өртеп жіберді. Осы істің соңына жетеміз деген полицейлер де ығырымды шығарды. Арызды қайта жазу, көшіріп жазу, бітпейтін әуре-сарсаң", – деді Қуат Мұратов.

Бұған қатысты ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті өкілдерінің пікірін білдік. Олардың ақпаратынша, түрмедегілерге ұялы телефондар, ішімдік және тропикомид сынды тыйым салынған заттар өткізу әрекеттері жыл көлемінде жалғасады. Тыйым салынған заттар жазасын өтеп жүргендерге келген "сәлемдемелердің" арасында болады. Кей жағдайда биік қоршаудан асырып лақтыруға тырысады. Әрекеті сәтсіз шығып, қолға түскендеріне хаттама толтырылып, әкімшілік жазаға тартылу үшін материалдар сотқа жолданған.

Владимир Толкачев есімді зейнеткер екі-үш жыл бұрын колония қызметкерлерінің бірімен жүздескенде "бізге оқиғаны растайтын бейнежазба алып келіңіз" деп ойға қонымсыз өтініш естігенін алға тартты.

"Жасым жетпістен асқан қариямын. Бейнежазбаға түсіріп, кейін қылмыскерді ұстап беруім қалды ма?" – деді ол.

Департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Ожиканованың сөзінше, "сәлемдеме" әкелгендер түрлі қулыққа барады. Айталық, №22 түзету мекемесінің қызметкерлері тұрғынның өзімен бірге алып келген пакетті мұқият тексерген.

"Сөмкеде қоңыр түсті төрт пластикалық бөтелке және тәттілер болды. Ер адам газдалған минералды сусынның бөтелкесіне ішімдік құйып алып, тәртіп сақшысын алдауға әрекеттенді. Алайда алкогольдің иісі шығып, аталған заттар тәркіленді", – деді ол.

Жалпы, өткен жылы өңір тұрғындары 70-тен астам алкогольді заттар және 100-ге жуық телефон кіргізбек болған. Ал Леваневский көшесі маңында қалыптасқан әдістердің бірі сол, кейде "сәлем-сауқат" әкелгендер мазасы қашқан жұртты мазақ қылғандай "колонияға заттар лақтырып берсеңіз, сыйақы аласыз" деп 10000 тенге ұсыныпты.

Асыл Бигелді

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget