Қызылордалық Есен Құрманов он жылдан астам уақыттан бері бесік жасаумен айналысып келеді. Ағаш шеберінің айтуынша, соңғы кезде талбесікке тапсырыс көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның бағасы басқаларға қарағанда қымбаттау. Есесіне сапасы бағасына сай.
"Ата-бабаларымыздан қалған үрдіс қазір қайта жанданып келе жатыр. Өзі жіңішке ағаштан жасалады. Жеңіл, тербеткенде қолың талмайды. Баланы емізуге ыңғайлы. Осыны алушылар көп", - деді кейіпкеріміз.
Ал жиналмалы бесік онша өтімді емес көрінеді. Оның үстіне, қазақ бесікті жинап емес, бетіндегі жабуымен төбеге іліп қояды.
"Бесік жасауға кез келген ағаш жарамайды. Қарағай қолданамыз. Жабуын, көрпе-жастығын келіншегім тігеді. Бірақ жалғыз өзі үлгере алмайды", - деді шебер.
Есен Құрманов он жыл ішінде 2,5 мыңдай бесік жасап үлгерген. Біреуінің жұмысын бітіруге кем дегенде екі күн керек. Бағасы - 12-30 мың теңге аралығында. Басқа облыс, шет елдерден қандастарымыз тапсырыспен алдырып тұрады екен.
"Мемлеттік қолдаудың арқасында шикізат сатып алдық. Он жылдан бері өз шеберханамыз бар. Әуелгіде қаржылай қиындықтар болды. Бірден аяққа тұрып кету оңайға соққан жоқ. Әлі де жетіспейтін керек-жарақ бар. Мысалы, оюды қолмен саламыз. Арнайы станок алуға мүмкіндік болмай тұр. Екі көмекшім бар, айлығы тұрақты", - деді ағаш ұстасы.
Назерке Саниязова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!