Қарағанды тұрғыны таксистке әдепсіз сөз айтып, масқара болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиғаны такси жүргізушісі видеоға түсіріп алған. Ол кадрларды әлеуметтік желідегі түрлі топқа жолдаған. Видеода жолаушы жүргізушімен жанжалдасып, оған балағат сөздер айтып, кейін "Маған бәрібір, менің ағам ішкі істер департаментінде жұмыс істейді" деп жауап береді.
Такси жүргізушісі мен клиент арасындағы жанжал 14 қаңтарда болған. Оқиғаның жай-жапсарын Қарағанды облысының полиция департаменті түсіндірді.
"14 қаңтар күні сағат 02:00 шамасында Қарағанды полиция басқармасының орталық полиция бөліміне Әлиханов көшесінде клиент такси ақысын төлемей жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол жерге жеткен кезде арызданушы - 33 жастағы такси жүргізушісі бейтаныс әйелге шара қолдануды сұраған. Клиенте мекенжайға жеткенде жол ақысын төлемей, бұған қоса, балағаттап, боқтық сөздер айтқан", - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер 32 жастағы қарағандылық әйелді тауып, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.
"Полиция қызметкерлері жәбірленушіге оны балағаттап, әдепсіз сөздер айтқаны үшін сотқа жүгіну тәртібін түсіндірді. Әңгімелесу барысында әйел полициямен ешқандай туыстық қатынасы жоқ екенін және бұрын да жүргізушіні қорқыту үшін осылай айтқанын мойындады, - деп хабарлады ведомство.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!