Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде атом электр станциясын салу референдумына қатысты өз ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спикер экономиканы дамыту үшін АЭС керек деген пікірде.
"Экономикамызды дамытудағы қазіргі проблемалардың бірі – электр энергиясының тапшылығымен байланысты. Экономикамызды 2 есе ұлғайтамыз деген жоспар бар. Үкімет біраз өндірісті ашу үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан электр энергиясының бұдан да көбірек көлемі керек екені анық. Егер энергия көзі болмаса, онда бұл жағдай үлкен проблемаға алып келеді.
Сондықтан цифрлық техннологияларды, жасанды интеллектіні, өндірісті дамытуға қосымша энергия керек. Бұл мәселені тұрақты түрде шешудің бірден бір жолы – Қазақстанда атом электр станциясын салу. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде референдум болатыны туралы айтты", - деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.
Спикер АЭС салу мәселесінде халықтың пікірі барынша ескерілетінін атап өтті.
"АЭС керек пе, керек емес пе? Шешімді халық жасайды. Біз билік тарапынан ұсыныс айтқанымызбен әрі қарай Қазақстан халқы өзі таңдау жасайды. Жалпы осы мәселеге қатысты тиісті ақпарат таратылып, осы бастаманың мән-жайы түсіндірілетіні анық. Референдумға орай түрлі әлеуметтік топтар, сарапшылар пікірлерін айта жатар. Халық осы ақпаратты қорытып, шешім қабылдайды. Қазақстандықтар бұл референдумда ұстанымын нақты көрсетеді деп сенеміз", - деді сенат төрағасы.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өтетінін айтқан еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз