Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзіне жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша елімізге қай мемлекет АЭС салатынын білетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Жетінші студия» бағдарламасында қонақта болған Мәжіліс депутаттары АЭС құрылысына қатысты қоғамдағы ақпарат біржақты дейді.
"Біріншіден, қоғам білмей жатқан бір мәселе: атом электр станциясының құрылысына Қазақстанның бюджеттік қаржысы кетеді, "оны жемқорлар тонайды" деген түсінік бар. Бұл Қазақстанның ақшасы емес, бұл Бүкіләлемдік банктің несиесіне салынады. Оны жұмсақ қайтару бар. Әрине, бізде сыртқы қарыз бар. Дегенмен бұл – бізге өте пайдалы, тиімді қаржыландыру көзі. Сондықтан Қазақстанның, бюджеттің ақшасы кетеді деген қорқыныш болмауы керек, бұл ұзақ жыл қайтарылады, инвесторға 30-40 жылдың маңында қайтатын ақша", - деді депутат.
Бапидің пайымынша, қоғамдағы алаңдаулықтың басым бөлігі – АЭС құрылысынан бұрын, оған бөлінген қаржының дұрыс игерілуіне қатысты.
"Бізде қоғам тарапынан қауіптің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі ғой. Қарсы болып жатқан халықтың көпшілігі атом электр станциясының өзіне қарсы емес, игеру мәселесіне, біздегі жүйеге қарсы. Халықтың көпшілігі АЭС-тің өзіне қарсы емес, соны игеру мәселесіне, жүйеге қарсы. Біз егерде халыққа осыны түсіндіре білсек, халық тарапынан қолдау болады. АЭС салатын штабқа сұранып кірдім. Сұранып кіруімнің өз себебі бар. Ең алдымен мен билік пен халық алдында дәнекер болғым келеді. Маған жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша оны АЭС-ті кім салатынын білемін. Егер Қазақстанға қажетсіз бір ел салатын болса, бұл мәселеге қарсы болатын едім. Менің ойымша сол инвестор келетін болса, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын", – деді Ермұрат Бапи.
Депутат Елнұр Бейсенбаев халыққа АЭС құрылысы мен ядролық қарудың айырмашылығын жете түсіну қажет екенін айтты. Сондаай-ақ ол "Балқаштың суы бүлінеді" деуге де ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді.
"Бейбіт атом мен ядролық қару екі бөлек дүние. Ядролық қаруда пайдаланған уранның мөлшерін – біз 20 АЭС салсақ та, соған пара пар мөлшерде пайдаланбаймыз. Бір АЭС салуға бір шелек уран қажет болса, біз оны 10 жыл пайдаланамыз. Бір атом электр станциясының 100 жылдық қызметте шығарылатын залалы орта есеппен бір камаз. Одан артық болмайды. Тағы бір мәселе, үрей бар. Атом электр станциясы Алматы облысында Балқаштың төңірегінде салынады. Қоғамда "Балқаштың төңірегінде салынады, Балқаштың суын пайдаланады, ертең Балқашқа қайтадан осындай су құйылады, температурасын көтеріп жібереді, фауна өзгереді" деген үрей бар. Олай емес. Оған арнайы су дайындалады. Ол Балқаштан алынуы мүмкін, жерасты суы алынуы мүмкін. Оның өзінің арнайы минералдану процесі болады. Содан кейін атом электр станциясынан су бөлініп шықпайды. Ол буланып кетеді. Өткенде мамандар да айтты. Қазіргі реакторлар сусыз жұмыс істей береді, көп су қажет емес. Оны Үлкен ауылының маңында саламыз деген ой бар. Бұл – зерттелген жоба", – деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша қоғамдық талқылау өткен болатын.
2024 жылы 6 қазанда Қазақстанда республикалық референдум өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!