Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда АЭС құрылысына байланысты жаңа мамандарды даярлау жұмыстары туралы баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаңа электр энергиясы нысандарының құрылысы, тұтынудың белсенді өсуі және экономиканың дамуын ескере отырып, 2030 жылға дейін энергетика саласында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қажеттілік 20 мыңнан асады деп болжанып отыр. Олардың қатарында инженер-энергетиктер, дәнекерлеушілер, слесарьлар, газкескіштер, электромонтерлер, электриктер, электромонтажшылар, сантехниктер және құбыр құрастырушылар бар", - деді министр Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, АЭС құрылысына қолдау көрсету мақсатында қазақстандық колледждерде арнайы мамандықтар ашылады. Атап айтқанда, дозиметрист (радиоактивті сәулелену дозасын анықтаумен айналысатын маман), бу турбиналық жабдықтарды жөндейтін слесарь, атом электр станцияларының механикалық жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету маманы, сондай-ақ атом электр станцияларындағы ақпараттық технологиялар саласының мамандары даярланады.
Сәтқалиевтің айтуынша, электротехникалық колледждермен тығыз байланыста жұмыс істейтін Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты студенттерге ядролық мамандықтар бойынша өндірістік тәжірибе базасын ұсынады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы АЭС құрылысын салу туралы ұсыныс жасады. Ол 2021 жылғы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасын дамыту қажеттігін айтты. Осыдан кейін Қазақстанның атом электр станциясын салу мәселесі қайта қаралып, нақты жобалау жұмыстарын бастау үшін дайындық шаралары қолға алынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!