• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

АЭС құрылысы: Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеме жасады

АЭС құрылысы: Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеме жасады
Фото: Midjourney

Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов таяуда Қазақстанда алғашқы АЭС салу жөнінде келісімдер жасалатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоямыз. Сондай-ақ екінші атом электр станциясы құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын", - деді премьер-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек екенін мәлімдеді. 

"Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек", - деді Мемлекет басшысы бұған дейін.

Еске салайық, бүгін, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова