- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- АЭС Қазақстанға не...
АЭС Қазақстанға не үшін қажет – Энергетика министрі жауап берді
6 қазан, Қазақстан азаматтары елге атом электр станциясын салуға қатысты Референдумге қатысып, өз таңдауларын жасайды. Халықты алаңдатқан «АЭС құрылысының құны қанша, оны кім салады және қауіпсіздікке кім жауап береді?» деген маңызды сұрақтарға Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр Сәтқалиевтің пікірінше, АЭС салынса, Қазақстан көршілес мемлекеттерден энергетика көзін сатып алмайды.
«Әлемде уран өнімдерін өндіруде біз №1-орындамыз. Осыдан бірнеше сұрақ туындайды. Неге біз осы бірегей энергетикалық шикізат уранды экспорттамай, Қазақстанның мүддесіне, болашақ ұрпақтарымыз бен өнеркәсіп үшін пайдаланбаймыз? Бізде өте озық технологиялық цикл бар. Уран өнімдерінен басқа біз таблеткалар, жылу бөлетін жинақтар өндіреміз. Бізде Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Атом электр станциясы – елдің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін технологиялық, экономикалық және экологиялық тізбектің ажырамас бөлігі. Ал біздің қажеттіліктер өсіп келеді. Біз көршілес мемлекеттерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз. Халықтың және тұрғын-үй коммуналдық сектордың, сондай-ақ өнеркәсіптің электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз жаңа, жоғары тиімді және тұрақты энергия көздерін салуға міндеттіміз», – деді министр.
Сондай-ақ ол АЭС-ке қызмет көрсететін әлеуетті кадрлар тапшылығы орын алмайтынын алға тартты. Министрдің сөзінше, Қазақстанда қазірдің өзінде дайын кадрлар бар.
«Ядролық реакторлармен жұмыс тәжірибесі мол Ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының (ЯФИ) шамамен екі мыңға жуық маманы бар. Олар кең ауқымды және ғылыми құзыреттерге ие. Жас қазақстандық мамандар туралы ұмытпаған жөн, олар Дубнадағы орталықта жұмыс істейді және өздерінің білімі мен тәжірибелерін ұсынуға дайын. Қазақстандықтардың айтарлықтай бөлігі Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясының құрылысына қатысып, күрделі инженерлік құрылымдар мен жабдықтарды орнату жұмыстарында қызмет атқарып жатыр. Қазақстанда мұндай мамандарды даярлау әлеуеті де бар. Қазіргі уақытта бірнеше қазақстандық жоғары оқу орындары «Ядролық инженерия», «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика» мамандықтары бойынша кадрлар дайындайды. Бұлар — Шығыс Қазақстан университеттері, Шәкәрім атындағы университет, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматыдағы энергетика және байланыс институты», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты Референдум өткізуді ұсынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет