Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу қажеттілігі неліктен дәл қазір туындап отыр? Ол елдің экономикасына қалай әсер етеді? АЭС салудан бас тартып отырған елдер күдіктенген қауіп Қазақстанға төніп тұрған жоқ па? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын саясаттанушы Аман Мамбетәліден сұрады.
Сарапшы ең алдымен АЭС салу тақырыбының неге енді ғана көтерілгенін негізгі 3 факторға бөлді.
"Мен энергетика саласында жүрген сарапшы емеспін, бірақ қарапайым энергетиканы тұтынушы ретінде, біздің елде, өкінішке қарай, энергия тапшылығы мәселесі бұрыннан бар екенін мойындау қажет деп ойлаймын. Біз қарапайым халық энергетикалық жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінбейміз, сондықтан бізге бұл қолдан жасалынған секілді көрінеді. Алайда тарихқа көз жүгіртіп, шолу жасайтын болсақ, бізде бірнеше фактор шығады", – деді ол.
Біріншіден, тәуелсіздік алғаннан бері елде күрделі құрылыс жүргізілмеді, яғни жаңа ірі энергетикалық станциялар салынбады немесе қолданыстағылар жаңартылмады. Біз мұның салдарын жақында қыста бірнеше өңір жарықсыз қалған кезде сездік. Бұл мәселенің тікелей дәлелі. Негізі энергия тапшылығы осы уақытқа дейін Ресей Федерациясынан сатып алынатын энергияның арқасында сезілмей келді, энергия жүйесі жабық болды. Міне, енді көрші елдердің көмегімен тапшылықты толықтыру қиынға соқпақ, өйткені олардың өзі тапшылықты сезіп бастады.
Екіншіден, елде халық саны артты, өндірістік қуаттылық артты, тұрмыста энергетикалық, электр құрылғылары пайда болды. Бүгінде тұрмыста қолданатын үтіктен бастап, компьютер, ноутбук, ұялы телефондардан, шай қайнататын шәйнекке дейін энергетиканы қажет етеді. Энергетика есебінен өмір сүретін көптеген сала пайда болды. Энергетиканың көп мөлшерін тұтынатын басқа қосалқы станциялардың немесе өңдеумен айналысатын ресурстық ұйымдардың саны көбейді.
Үшіншіден, сапарға шығып, жол бойына қарасақ, елдегі электр желілері өте қатты ескірген.
"Қазір мемлекет белсенді түрде модернизациямен айналысып отыр, бірақ әлі де тапшылықты толықтай жаба алмады. Менің айтайын дегенім, электр желісіне жаңарту енгізу қажет. Ал ұзақ уақытқа созылған мәселенің шешімі осы – АЭС салу. Менің ойымша, осы себептен бұл мәселе енді ғана көтерілді, өйткені қазір ел экономикадағы дамудың жаңа кезеңін бастамақ", – деді саясаттанушы.
Аман Мамбетәлі дамыған мемлекеттер арқылы нақты мысал келтірді.
"Әрбір саналы азамат – ел дамуы керек, жаңа кәсіпорын мен жұмыс орындары ашылуы керек деп санайды. Ал мұның бәрі энергиясыз мүмкін емес. Сондықтан экономика мен ел үшін бұл өте маңызды фактор. Егер бүгінде сарапшылар құрған картаға қарайтын болсақ, дамыған мемлекеттердің көпшілігінде атом электр станциялары бар. Мысалы, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия, Австралия және тағы басқа. Олардың даму кезеңінің бастауы және дамуының жылдамдығы жоғарылаған кезі – қуатты жеке энергетикалық базаны құру, оның ішінде атом электр станциясын салу болды. Егер көршілес жатқан ел Қытайға қарасақ, мемлекет 2000-жылдан бастап қарқынды дами бастады, экономикасы бірден 10 пайызға өсті, ал бұл қуатты энергетикалық базасыз мүмкін емес еді", – деді ол.
Маман АЭС-тен бас тартып отырған елдердің айтарлықтай көп емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, АЭС-тен бас тартып отырған Германияның бірегей ортақ жүйесі бар. Олар көршілес елдермен жақсы байланыс орнатқан. Мәселен, елде тапшылық болса, оны көрші елдер, ең алдымен, Франциядан толтырады. Ал Францияда АЭС бар, яғни олардың баланстық жүйесі көршілердің есебінен болады. Саясаттанушы, өкінішке қарай, бізде геосаяси және тарихи факторларға байланысты мұндай мүмкіндік жоғын айтты.
"Әрине, мемлекет АЭС салу арқылы үлкен тәуекелге бел буады, бірақ бұл тәуекел экономиканы дамыту тұрғысынан өте үлкен мәселенің шешу жолын қамтиды. Ал қазір цифрландыру дәуірі болғандықтан, осы тәуекелдерді толығымен өтеуге мүмкіндік беретін шараларды бақылауға болады", – деді ол.
Сонымен қатар Аман Мамбетәлі мысал ретінде Жапониядағы соңғы табиғи апатты еске түсірді. Онда цунами, жер сілкінісі болды. Содан кейін, жапондық атом электр станцияларында қосымша қауіпсіздік жүйесі әзірленді, бұл табиғи құбылыстарға байланысты тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді.
"Ал егер АЭС-тен 1986 жылы Чернобыльда болған жағдайды еске түсіріп, қауіптенетін болсаңыз, бұл мүлдем басқа жағдай деп айтқым келеді. Тергеуден кейін қауіпсіздік техникасын көптеген себепке байланысты сол станциядағы сарапшылар мен мамандар назардан тыс қалдырғаны дәлелденді. Бірақ қазір мұның бәрі пысықталды. Менің ойымша, барлық қолданыстағы атом электр станциясы мен болашақ салынып жатқан атом электр станцияларының көпшілігі мұндай жағдайлардың алдын алу үшін осы қауіптің барлығын ескереді", – деді ол.
"АЭС жұмысының заманауи жүйесі бар. Онда жабық сумен жабдықтау жүйесі, қайта өңдеу жүйесі бар, тіпті отыннан шыққан қалдықтар да сақталады, өйткені оны қайта пайдалануға болады және тағы басқа. Бірақ Қазақстан уран өндіру бойынша көшбасшы екенін ескерсек, менің ойымша, бізде бұл проблема болмайды", – деді Аман Мамбетәлі.
"Егер елдегі энергия тапшылығы жалғаса беретін болса, бұл елдің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ел экономикасын күшті қуаттарсыз, ресурстық әлеуетсіз, өндірісте пайдаланылатын өз энергетикалық базасынсыз дамыту мүмкін емес. Сондықтан біздің алдымызда шарт тұр. Егер біз еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылғанын қаласақ, тұрақты, қуатты, жеке, яғни энергетикалық негіздегі барлық қажеттілікті өз есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қауіпсіздіктің энергетикалық базасының жүйесін құру. Осы мүмкіндік қазір бізге беріліп тұр. Бүгін АЭС салудан бас тартып, ертең Ресейде энергия тапшылығы басталса, біз не істейміз?" – деді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл мәселені тек АЭС құрылысы шешеді.
Осы тұста саясаттанушы мемлекет жасыл өнеркәсіптен, электр энергиясын өндірудің қауіпсіз түрінен бас тартпағанын алға тартты.
"Бүгінде жасыл деп аталатын электр энергиясының барлық түрі – тұрақсыз. Бұл сөз тіркесін қарапайым сөзбен түсіндірейін, егер күн энергия алатын электр станциясы орналасқан елдің бөлігінде ауа райы кенеттен бұлтты болса, елдің екінші бөлігінде тапшылық болу қаупі бар және бұл сақтап қойып, кейінірек қажет болған кезде ашып, пайдалануға болатын ресурс емес.
Электр энергиясын жасыл жолмен өндіретін көптеген мемлекет, соның ішінде Германия көршілес елдердің арқасында отыр. Яғни тұрақсыз заттар кезінде, мысалы, табиғи немесе басқа жағдайлар болған кезде, олар өздерінің тапшылығын көршілердің есебінен жабады. Өкінішке қарай, бізде бұл мүмкіндік жоқ. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективаға кепілдік беретін тек атом электр станциясы", – деп қорытындылады сарапшы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!