Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум басталды. Massaget.kz тілшісі бүгін, 6 қазанда елде не болып жатқанын онлайн режимде айтады.
2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің өкілдері ұсынған мәліметтері мен есептеріне сәйкес жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.
Қазақстандықтарға АЭС бойынша референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньде бір сұраққа жауап беру қажет: "Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысымен келісесіз бе?" Жауаптың екі нұсқасы бар: "иә, келісемін" немесе "жоқ, келіспеймін".
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 08:15-тегі жағдай бойынша деректерді айтты.
"59 шет мемлекетте жалпы саны 12 307 сайлаушыға 72 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. 08:15-тегі жағдай бойынша шетелде 26 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істей бастады. Тағы 48 учаске ашылады. Аздаған уақытта Орта-Шығыс және Еуропа елдерінде орналасқан учаскелер жұмыс істей бастайды. Уақыт айырмашылығына байланысты соңғы болып Вашингтон және Нью-Йорк қалаларында Астана уақыты бойынша сағат 16:00-де және Сан-Францискода Астана уақыты бойынша сағат 20:00-де референдум учаскелері ашылады", – деді Василенко.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев №230 сайлау учаскесіне Қазақстанда АЭС салу туралы референдумда дауыс беру үшін келді.
Алматы әкімі Досаев жұбайымен бірге референдумда дауыс берді.
Үлкен ауылының тұрғындары референдумға белсенді қатысып жатыр. Таңертеңнен бастап ауылдың 150-ден аса тұрғыны дауыс беруге келіп, белсенділік танытты.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 7:00-дегі жағдай бойынша нәтиже қандай екенін айтты.
"Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сағат 7:00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 10 249 учаске дауыс беруге кірісті. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру сағат 06:00-де басталды. Тізімге 12 миллион 244 мың 683 азамат енгізілген. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығына 10 623 есептен шығару куәлігін берді", – деді Петров.
Премьер-министр Олжас Бектенов Оқушылар сарайындағы учаскеде дауыс берді.
Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар төрт сағат бұрын дауыс берді. Сеулдегі №390 және Токиодағы №393 сайлау учаскелері бірінші болып ашылды.
Дауыс беру учаскелері 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар кейбір учаскелер, мысалы, әскери бөлімдер таңғы 6-00-де ашылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!