Орталық сайлау комиссиясы АЭС бойынша референдумның алдын ала қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров брифингте хабарлағандай, Қазақстан Республикасы азаматтарының референдумға қатысу құқығына ие жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 млн 820 мың адамды немесе референдумға қатысу құқығына ие азаматтардың 63,66 пайызын құрады.
"7-қазан таңындағы алдын ала дауыс беру нәтижелері келесідей: 71,12 пайыз азамат қолдады, ал 2 452 071 азамат қарсы дауыс берді. Екі жауап нұсқасы таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыс санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 82 729 бюллетень болды. Дауыс берушілердің еркін білдіруі мүмкін емес және жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 130 267 бюллетеньді құрады», – деп мәлімдеді Әбдіров.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қазақстан Республикасындағы республикалық референдум және сайлау туралы Конституциялық заңдарға сәйкес аймақтық референдум комиссиялары дауыс санағаннан кейін екі күн ішінде әр өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын тапсыруы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, АЭС бойынша референдум жексенбі күні, 6 қазанда, сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Референдумның Орталық комиссиясының мәліметінше, сағат 20:00-дегі алдын ала қатысу көрсеткіші 63,87 пайызды құрады. Жалпы 7 820 918 адам дауыс берді.
Бұған дейін Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумның экзитпол нәтижелері жарияланған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!