Орталық референдум комиссиясында (Орталық сайлау комиссиясы) брифинг өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 7:00-дегі жағдай бойынша нәтиже қандай екенін айтты.
"Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, сағат 7:00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 10 249 учаске дауыс беруге кірісті. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру сағат 06:00-де басталды. Тізімге 12 миллион 244 мың 683 азамат енгізілген. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығына 10 623 есептен шығару куәлігін берді", - деді Петров.
Республикада дауыс беруге арналған барлығы 10 323 учаске бар. Cонымен қатар, 59 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанынан 74 учаске бар.
Айта кетейік, Қазақстанда республикалық референдум өтіп жатыр, осы арқылы азаматтар атом электр станциясына қатысты шешім қабылдауы керек.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдум – маңызды мәселелер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Оны "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң реттейді, ал ұйымдастырумен арнайы құрылған комиссия айналысады.
Референдум бойынша дауыс беру бүгін, 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске бар. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Еске салайық, бұған дейін облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің өкілдері ұсынған мәліметтері мен есептеріне сәйкес жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізгені белгілі болды.
Дауыс беретін учаскені анықтауға арналған нұсқаулықпен мына жерде таныса аласыздар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!