- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- АЭС бойынша референдум:...
АЭС бойынша референдум: 24 адам жауапқа тартылды
24 азамат республикалық референдумға байланысты сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимов мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Анфимов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында өздерінің сауалы бойынша ОСК, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура референдум науқаны кезінде өтініштермен жұмыс істеу туралы ақпарат бергенін айтты.
"Олардың мәліметі бойынша осы кезеңде заңбұзушылықтың бірнеше оқиғасы ғана тіркелген. Қылмыстық істер қозғалмаған. Орталық комиссияға 66 өтініш, сұраныс және ұсыныс келіп түсті, олар негізінен ақпараттық-анықтамалық сипатта болды. Барлық өтініш заңда белгіленген мерзімдерде қаралып, өтініш иелеріне жауаптар берілді", – деп мәлімдеді ол.
Бақылаушылар миссиясының басшысының айтуынша, Ішкі істер министрлігі референдумды өткізуге байланысты тек бір құқықбұзушылық дерегін хабарлаған, ол – дерексіз парақшалардың таратылуы.
Еске салайық, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан АЭС-ке қатысты референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсайтыны хабарланды.
Кейінірек Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанда АЭС салу бойынша өтетін референдумда бір ғана сұрақ қарастырылатынын айтты.
АЭС салу референдумы қалай өтеді?
Сондай-ақ Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды.
АЭС бойынша референдум: бюллетеньде не жазылады?
Өңірлердің АЭС құрылысы бойынша референдумға дайындығы қандай?
Энергетика министрлігі өкілі Massaget.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан АЭС құрылысын жүргізетін елге тәуелді болмайтынын мәлімдеді.
7 қазанда ОСК АЭС бойынша референдумның алдын ала қорытындыларын жариялады.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдум – маңызды мәселелер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Оны "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң реттейді, ал ұйымдастырумен арнайы құрылған комиссия айналысады.
Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.
Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова