Құқықтық мәселеге байланысты туындаған қиын жағдайда, азаматтың көпшілігін, адвокаттан қалай тегін құқықтық кеңес алуға болады, - деген сұрақ мазалайды. Осы тұста адвокат Эльнура Кишкенебаева TikTok-парақшасында мемлекет кепілдік берген заң көмегін қалай алуға болатыны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тұтынушы келген кезде адвокатпен арнайы келісім шартқа отырады және гонорар береді. Егер клиенттің адвокат жалдауға шамасы болмаса, онда сотқа өтініш және тиесілі құжаттарды өткізіп, тегін адвокаттық қызмет ұсынуыны талап ете алады", - деді Эльнура Кишкенебаева.
Маман айтқан адвокаттан тегін кеңес ҚР Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңының 18-бабында көрсетілген. Заң бойынша көмекті алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.
ҚР Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңының 2 бөлімі 2 тармағына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге міндетті тұлғалар:
- мемлекеттік органдар;
- адвокаттар;
- заң консультанттары;
- нотариустар;
- жеке сот орындаушылары.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар:
Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.
Тұлға мына жағдайда құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін ала алады:
- алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаса;
- мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбан болса;
- асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлға болса;
- жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлға болса;
- Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлға болса;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасы болса;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адам не отбасы болса, осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Сотта, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
- ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;
- ҚР азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және ҚР әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
- ҚР қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін тамақтану орындарындағы депозит жүйесі тұтынушының құқығын бұзатыны туралы хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстандық актерлар қанша ақша табады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!