Адвокат Оразбақова Бишімбаев ісіне қатысты жаңа куәгердің әңгімесін жариялады

Адвокат Жанна Оразбақова экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісіне қатысты тың мәліметтерді бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды. 

Ол оқиға болған түні Бишімбаев пен Нүкенова шақырған такси жүргізушісінің әңгімесін жариялады. Такси жүргізушісі кездейсоқ жолығып, адвокатты танып, жағдай туралы баяндаған. 

Жанна Оразбақовамен әңгімелескен такси жүргізушісінің айтуынша, 2023 жылғы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні ол гастробарға такси шақырылғанын айтқан. Шақыртуға барған ол таксиді көшеде ер адаммен бірге тұрған қыз шақырғанын білген.

"Қыз таксиге отырмақ болған. Бірақ оның жанында тұрған ер адам оның шынтағынан ұстап алып, көлікке отыруына мүмкіндік бермеген. Такси жүргізушісі олардың арасында жанжал туындағанын біліп, араласқысы келген. Алайда сол кезде ер адам есікті ашып, балағат сөздер айтып, бұл оның әйелі екенін, ешқайда кетпейтінін айтқан. Ол: "Бұл менің мейрамханам, менің кім екенімді білесің бе?" деп айғайлаған. Жүргізуші шыдай алмай, көліктен түспек болғанымен, гастробар күзетшісі оған араша түскен. Ол жүргізушінің кетіп қалуын өтініп, бұл жігіт олардың бастығы екенін, төбелес шығарудың қажеті жоқ екенін түсіндірген", - деп жазды Жанна Оразбақова.

Оразбақованың айтуынша, такси жүргізушісі ол жерден кетіп қалған, болған жайт туралы әріптестерінің чатына хабарлаған.

"Таңертең сағат 7-8 шамасында оған тағы да гастробардан қоңырау түскен. Бірақ 15 минут күткеннен кейін ол кетіп қалған. Ал бейнебақылау камераларынан осы кезде не болып жатқанын біз білеміз. Сондықтан "Салтанат кетіп қалуы керек еді, өзі қалды" дейтіндер, біле жүріңіздер, ол кеткісі келген, бірақ кете алмаған. Бір жаққа қашып кетуге мүмкіндігі болмаған", - деп жазды Оразбақова.

Сондай-ақ адвокат такси жүргізушісі әлеуметтік желіде белсенді емес екенін айтты. Оған бірнеше айдан кейін әріптестері соттың сілтемесін жіберіп, "өткенде айтқан адамың осы ма еді" деп сұраған. Такси жүргізушісі Бишімбаевтың даусын, түрін бірден танығанын айтты. "Өйткені ол маған сол түні боқтап, айқайлап тастаған еді" деп жауап берген жүргізуші. 

Жанна Оразбақова - танымал қазақстандық адвокат. Ол қылмыстық істер бойынша тәжірибелі заңгер, әсіресе экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істермен айналысады. Оның есімі соңғы жылдары бірнеше резонанстық істермен танылды.

Еске салайық, әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Ал қылмысты жасырып қалған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!