Салтанат Нүкенова отбасының адвокаты болған Жанна Оразбақова "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы құқық қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
"Бәріңе сәлем! Жақсы жаңалықты айтқым келіп отыр. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президенттің 16 қазандағы Жарлығы бойынша мен "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалімен марапатталдым. Бірақ мен елде болмауыма байланысты оны тек бүгін алдым", - деді Жанна Оразбақова.
Еске салайық, 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың ісінде жәбірленуші тараптың адвокаты болған Жанна Оразбақова "Мамский әңгіме" youtube-арнасына берген сұхбатында анасы туралы айтқан еді.
Оның айтуынша, анасының қазасы әлі күнге дейін жанын ауыртады.
"Анам туралы айту маған әлі күнге дейін жанымды ауыртады. Анам желтоқсанда өмірден өтті. Одан бері көп уақыт өтті дей алмаймын. Қайғыру сезімі бойымнан әлі кетпеді. Жұмысқа шыққанда ұмытып кетемін. Әлі күнге дейін дұрыс қайғыра алмай жатырмын. Сол үшін де анам туралы айту қиын. Менен "үлгі тұтарың кім, кімге еліктеп өстің" десе, "анама" деп жауап берер едім. Себебі оның бойында қаншама талант болды. Ең керемет әйел болды деп айтар едім. Ізденгенді, оқығанды қатты жақсы көретін. Тіпті отаға кірейін деп жатқан соңғы сәтінде де кітап оқыды. Сосын оқығанын, білгенін үнемі менімен бөлісетін. Телефон соғып хабарласып, "білесің бе" деп бәрін айтып беретін", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз