Адвокат Бишімбаев жазасын қайда өтеп жатқанын айтты

Адвокат Ерлан Ғазымжанов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жазасын өтеу орнына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғазымжановтың сөзінше, Бишімбаев Степногорск қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде отыр.

"Бишімбаевқа ешқандай ерекше жағдай жасалған жоқ. Ешқандай артықшылығы жоқ", - дейді Ғазымжанов.  

Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, ол - Бишімбаевпен кездесе алатын жалғыз адам.   

"Бишімбаев колониядан қашып кетті деп ақпарат таратқандар оны әдейі істеді деп ойлаймын. Оның үстіне олар мені сұхбатқа шақырған жоқ. Ал мен - колонияға кіре алатын жалғыз адаммын", - дейді адвокат. 

Еске салайық, бұған дейін желіде Қуандық Бишімбаевтың колониядан табылмағаны туралы ақпарат тарады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осыған қатысты ресми мәлімдеме жасады. 

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әлеуметтік желіде пайда болған сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты колониядан табу мүмкін болмады деген ақпаратқа түсініктеме берді.

"Сотталған Бишімбаевтың қашып кеткені туралы жалған ақпарат таралуда, бұл шындыққа сәйкес келмейді", - делінген хабарламада.

Қылмыстық тергеу комитеті қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

"Бұл жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаймыз", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Бишімбаев сотталған болатын. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде көпшіліктің назарында болған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шығып, оған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және ол жазасын қауіпсіздік деңгейі барынша қатаң мекемеде өтейді.

Артынша Бишімбаевтың "қашып кеткені" туралы ақпарат тарауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!