Қазақстандық заңгерлер Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген баланың ата-анасына 100 миллион теңге көлемінде моральдық залал қалай төлейтінін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
7 қыркүйек Шымкентте өткен сотта Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген 48 жастағы педофилді өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған еді. Сонымен қатар судья қаскөйге баланың ата-анасына 100 миллион теңге көлемінде моральдық залал төлеуге қаулы етті. Мұндай сома қазақстандық сот жүйесі үшін прецедент болды.
Қалған өмірін темір тордың артында өткізетін сотталушы үлкен соманы қалай төлей алады деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Жібек жолы ауылының тұрғындары педофилдің үйі "маскүнемдердің баспанасына айналды" деген еді. Демек сотталушының барлық мүлкін сатсаңыз да, судьяның айтқан қаржысын шығару мүмкін емес. Оның үстіне қыздың ата-анасы педофилдің үйін бұзуды талап еткен еді.
Tengrinews.kz тілшісі мұндай ірі көлемдегі қаржының іс жүзінде қалай төленетінін және өлтірілген адамның ата-анасы сот айтқан өтемақы сомасын алуға мүмкіндігі бар-жоғын білу үшін адвокаттарға жүгінді.
Адвокат Мұса Мададов өтемақы төлеу процедурасы туралы, сотталушының өтемақы төлеуге ақшасы болмаса қарыздың қамытынан қалай құтылатынын айтты.
"Егер сотталушының ақшасы мен мүлкі болмаса, онда келтірілген моральдық залал үшін өтемақы төлеудің жалғыз жолы - ол жазасын өтеу мерзімі кезінде колонияда жұмыс істеп, өтемақы төлейтін болады", - деді ол.
Сонымен қатар заңгер қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабына сәйкес сотталғандар түзеу мекемелерінде жұмысқа тартылатынын жеткізді. Бұл жұмыс үшін оларға салық заңнамасында көзделген барлық сомалар ұсталатын жалақы төленеді екен.
Айта кетейік 5 жасар қаршадай қыздың "Басына пакет кигізіп, 12 рет пышақ сұққан" педофилдің ісіне президент тікелей аралсақан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!