Әділетхан Молдаханға сот үкімі шықты

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған Әділетхан Молдаханға қатысты сот үкімі шықты. Оған көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

14 шілдеде Алмалы аудандық соты Әділетхан Молдаханды Қылмыстық кодекстің 274-бабы 3-бөлігі ("Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша кінәлі деп таныды.

Сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде екі жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің азаматтық талап арыздарын ішінара қанағаттандырды. Блогер Алматы ПД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шумаевтың әрқайсына 2 миллион теңгеден моральдық шығын, сондай-ақ, өкілдік шығындарын жабу үшін 1 миллион теңгеден төлеуге тиіс. Жалпы төлем сомасы 6 миллион теңге болады.

Сонымен қатар, сот оған 5 жыл бойы қоғамдық-саяси, публицистік және блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салды.

Қорғау тарапы үкімге шағымдануға ниетті және апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 2 шілдеде Алматының Алмалы аудандық сотында Әділетхан Молдаханға қатысты іс бойынша сот жарыссөзі өтті. Прокурор айыпталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Жәбірленушілер айыптау тарапының ұстанымын қолдап, оған блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды да сұраған.

Әділетхан Молдахан туралы не белгілі?

Әділетхан Молдахан - азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Instagram парақшасына миллионнан аса оқырман жазылған.

Бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде видео жариялап, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына (салдарынан үш адам қаза тапқан) құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Кейінірек Алматы Полиция департаментінің бастығы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!