Әділетхан Молдаханға қатысты іс: прокурор соттан қандай жаза сұрады?

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Оған көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2 шілдеде Алматының Алмалы аудандық сотында Әділетхан Молдаханға қатысты іс бойынша сот жарыссөзі өтті.

Жәбірленуші, Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, прокурор айыпталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленушілер айыптау тарапының ұстанымын қолдап, оған блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды да сұраған.

"Жәбірленуші тараптың пікірінше, айыпталушының әрекеті Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевқа (Алматы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы бастығы - еск.) моральдық әрі материалдық зиян келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне селкеу түсірді", - деді адвокат.

Әділетхан Молдахан туралы не белгілі?

Әділетхан Молдахан - азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Instagram парақшасына миллионнан аса оқырман жазылған.

Бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде видео жариялап, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына (салдарынан үш адам қаза тапқан) құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Кейінірек Алматы Полиция департаментінің бастығы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!