Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апаты туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған Әділетхан Молдахан екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
"Соталды тергеу аясында екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды", - деді Алматы ПД өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Әділетхан Молдахан туралы не белгілі?
Әділетхан Молдахан - азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Instagram парақшасына миллионнан аса оқырман жазылған.
Бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде видео жариялап, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына (салдарынан үш адам қаза тапқан) құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Кейінірек Алматы Полиция департаментінің бастығы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
әл-Фарабидегі жол апаты
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова