Әділет министрі некесін мешітте қидырғысы келетін қыздарға кеңес берді

Әділет министрі некесін мешітте қидырғысы келетін қыздарға кеңес берді
Фото: Tengrinews.kz

Әділет министрі Азамат Есқараев некесін мешітте қидырғысы келетін қыздарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, қыздар заңды некеге тұрғысы келмейтін еркектен күдіктенуі керек.

"Неке тұрып жатқан қыздың құқығын мемлекет заң бойынша қорғайды. Егер адам некесін заң бойынша тіркегісі келмесе, мұндай жағдайда қауіп бар.

Қыздар саналы түрде тұрмысқа шығады. Сондықтан олар бұл адамның неге некесін заңды түрде қидырғысы келмейтін анықтап алу керек. Сондықтан адам АХАЖ-ға барғысы келмесе, некесін тіркегісі келмесе, демек мұнда мәселе бар", - деді Азамат Есқараев.

Министр бірінші заңды некеге тұрып, кейін мешітке баруға кеңес берді.

"Менің білуімше, ондай талап бар. Мысалы, мешітке неке қиюға барғанда біздің мемлекеттік орган берген (неке қию туралы) куәлігін сұрайды. Негізінен мешіттер осы құжатты талап ету керек. Заңды неке қиылғаннан кейін мешітке бару қажет. Өзім де үйлендім. Біз солай істедік. Алдымен АХАЖ органдарына барып, неке қидырдық. Содан кейін мешітке бардық. Менің ойымша, бұл дұрыс", - деді ол.

Сөз соңында ол мешітте неке қидыру діни рәсім екенін, оның заңды күші жоқ екенін атап өтті.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz