- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әділ Несіпбаев: "BIM...
Әділ Несіпбаев: "BIM – ысырапсыз технология"
20 қыркүйек күні Алматыда АВС4 Сметаларды Автоматтандыру бойынша халықаралық конференция өтті. АВС бағдарлама кешенінің 50 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға ТМД елдерінің белді мамандары қатысты. Конференция аясында Сібір Мемлекеттік Гиожүйе және Технология Университетінің тыңдаушысы, Сәулет және құрылыс мамандығы түлектер қауымдастығының өкілі Әділ Несіпбаев Massaget.kz порталына цифрлық автоматизация, BIM технология туралы айтып берді.
Әділ Несіпбаев
Құрылыс шығындары есебінің автоматтандырылған тәсіліне биыл 50 жыл толды. Осынша уақыт ішінде бұл сала қандай өзгерістерге ұшырағанын, қандай жаңалықтар болғанын бүгінгі конференциядан білуге болады.
Шығындарды экономикалық элементтері бойынша топтастыру алғаш рет еліміздегі құрылыс саласына 1983 жылы 12 қаңтарда ҚСРО Қаржы министрлігінің "Құрылыста өндіріске жұмсалған шығындарды экономикалық элементтері бойынша есептеу нысаны туралы" хатамасымен енгізілгенін білеміз. 36 жылдың ішінде осы бағытта Қазақстан біраз жетістікке жетіп, алға басып келеді. Алдымызда жаңа белестер тұр.
Қазір өндіріске жұмсалатын шығындар есебінің маңызын анықтауда жаңа тәсілдерді қолданбай ескі санақ-есеппен дамуымыз неғайбыл. Сондықтан қазіргі заман талабына сай BIM технологияны пайдалануымыз керек. Ол болса техника мамандарының кәсіби деңгейінің жоғары болуын талап етеді.
BIM технология деген не?
BIM (Building Information Modeling) – құрылыстың ақпараттық моделі. BIM технология белгілі бір нысанның құрылысын ысырапсыз жүргізілуін есептеп мен болашақта тиімді пайдалануға негізделген. "Біз не істеуіміз керек, не істей аламыз? Мүмкіндігіміз қандай?" деген сұрақтарға жауап іздей отырып, бүкіл құрылыстың кешенді есебі жасалады. Яғни BIM технологияның басты мақсаты – кез келген ресурсты ысырапсыз жұмсау. Қарапайым сметаны тиімді жасау нәтижесінде BIM технология алға басты. Ол ысырапсыз пайдалануды ғана емес, ғимаратты күтіп-баптау мен нормативтік уақыты келгенде бұзып, қайта өңдеуді де көздейді. Ешнәрсе ысырап болмауы керек.
Мысалы үлкен қалаларда өткен Олимпиадаға арнайы салынған ғимараттар көп әлемде. Қазір олардың көбі қаншалықты нашар күйде тұрғанын көруге болады. Қазақстан да бұдан тысқары қалған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын болған қысқы универсиада ғимараттарының қандай жағдайда тұрғанын қарасақ, дүниенің қалай ысырап болғанын байқаймыз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда болдым. Онда Олимпиададағы ғимараттар кейін қайта пайдаға асып жатады. Кем дегенде ғимарат қайта өңделіп, оның ішіндегі құрылыс бөлшектері ешбір жері бұзылмай, көлемі, ұзындығы сақталып жаңа бір ғимаратқа пайдаланылады.
Осындай уақытша салынатын ғимараттарды BIM технологияның сұранысына, талабына негіздесек, оны кейін қайта пайдалануға болады.
BIM технологияның тек құрылыс пен сәулеттегі проблеманы ғана емес, мемлекеттік басқаруда кетіп жатқан ахуалдың барлығын тоқтатуға мүмкіндігі бар. Оның мүмкіндігі шексіз, BIM үздіксіз дами береді.
Massaget