Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин "Қасқа жол" youtube-арнасында киіз үйде билеген бишілердің видеосы туралы өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бұл әдейі жасалған.
"ЛГБТ-ға қарсымыз" деген петиция 50 мың қол жиналып болғаннан соң материал жарияланғаннан кейін киіз үйдің ішінде әуретін көрсетіп билеген бишілердің видеосы шықты. Менің ойымша, әдейі жасалған нәрсе сияқты. Себебі неге басқа кезде шығармады? Егер киіз үйді көрсеткісі келсе, неге Наурызда шығармайды? "Бізге не істей аласыңдар сендер" деген сияқты қарсылықпен әдейі жариялаған. Бұл жерде заңның солқылдақтығы бар, көріп отырсыз ба? Егер біз заңды реттеп дұрыстамасақ, руханият мәселесінде осындай мәселелер туындайды", - деді ол.
Сондай-ақ, депутат бұл мәселені шешу үшін алдымен жарнамалауға тыйым салу керектігін атап өтті.
"Күні кеше ЛГБТ-ның петиция жөніндегі жұмысы бойынша отырыс болды. Солардың бір өкілі "гомосексуализм біздің фольклорымызда бар" деді. Жалпылама фактіні айтқан жоқ, бірақ бар екенін айтты. Бәріміз шок болдық. Бірақ модератор "адамның жеке басына бармайық, әркім өз позициясын айтып тоқтайық" деді. Ал не дейсің оған? Астананың төрінде отырып, сондай затты талқылап, эфирге шығару деген әбден қоғамның азғындалғанын көрсетеді. Билеген жігіттің мәлімдемесін де көрдім. "Шығармашылықтың адамымыз, әлеміміз бөлек" дейді. Шығармашылық деген әуретін көрсетіп билеу ме? Әр заттың өзінің шегі бар ғой. Жалпы мұны шешу үшін біріншіден, бұл тақырыпты жарнамалауға заңмен тыйым салуымыз керек. Екіншіден, рухани тәрбиемен айналысу керек. Контентке, ойыншықтарға, фильмдерге өте абай болу керек. Ата-бабамыздан қалған дәстүрді насихаттай алмай жүрміз", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!