- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әдетте “Болашақ“ бағдарламасы...
Әдетте “Болашақ“ бағдарламасы бойынша қай елде білім алғандар қайтпай қалады?
"Болашақ" бағдарламасы бойынша қанша түлек елге қайтпай қалды? Әдетте қай елде білім алғандар қайтпай қалады? Оларды елге қайтару үшін не істеліп жатыр? Елге қайтпай қалғандарға қандай жаза қолданылады? Биыл бағдарламаға мемлекет бюджетінен қанша шығын кетті? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп, Халықаралық бағдарламалар орталығына ресми сауал жолдады.
Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің мәліметінше, бүгінде 235 адам Қазақстанға оралмағаны үшін стипендиядан айырылған.
"Бұл жалпы түлектер санының 1,9 пайызы. Осы тұлғаларға қатысты сот процестері басталды және қазір қаражатты ел бюджетіне қайтару процесі жүріп жатыр. Орталық жұмсалған қаражатты қайтаруды қамтамасыз ету үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр елге қайтпай қалған түлек саны шамамен 1 пайыз немесе бар болғаны 180-ге жуық адам болған. Биыл бұл көрсеткіш өзгеріп, бір жылда тағы 55 стипендиант шетелде қалған.
Әдетте қай елде білім алғандар қайтпай қалады?
Ведомство өкілдерінің айтуынша, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқып, Қазақстанға оралмаған стипендиаттардың көпшілігі АҚШ-та және Ұлыбританияда білім алған.
Бағдарлама уақыты аяқталғаннан кейін түлектер міндеті қандай?
"Болашақ" бағдарламасы бойынша стипендиаттар оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасына оралуға міндетті. Бұл міндеттемелер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы №413 бұйрығымен бекітілген.
Бұйрықтың 27-1-бабына сәйкес, стипендиат оқуын толық аяқтағаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде Қазақстанға оралып, шекарадан өткені туралы паспорт көшірмесін, оқуын аяқтағаны туралы өтініш пен дәреже және мамандық туралы құжаттардың нотариалды расталған аудармаларын ұсынуға тиіс. Осыдан кейін стипендиат келісімшарт бойынша алған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кірісуге міндетті.
Міндетті орындамағандарға қандай жаза қарастырылған?
Бұл міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін, бұйрықтың 6-бабына сәйкес стипендиат бағасы оқу құнының жалпы сомасынан кем емес жылжымайтын мүлікті кепілге қояды. Егер жылжымайтын мүліктің бағасы жеткіліксіз болса немесе мұндай мүлік жоқ болса, 10-бапқа сәйкес, кепілге стипендиат оның отбасы мүшелеріне (ата-анасына, жұбайына, балаларына), сондай-ақ үшінші тұлғаларға меншік құқығында тиесілі барлық ауыртпалығы жоқ жылжымайтын мүлік қабылданады.
Стипендиядан айырылып, Қазақстанда жұмыс істеу міндеттемелері орындалмаған жағдайда, сондай-ақ оқуға жұмсалған қаражат қайтарылмаса, Орталық стипендиат кепілге қойған мүлікті іске асырумен байланысты сот істерін немесе стипендиат өз міндеттерін орындап, Қазақстанда жұмыс істейді деп кепіл болған кепілгерлерге қарсы талап–арыздарды бастайды. Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, міндеттемелерін орындамаған түлектердің орналасқан жерін анықтау жұмыстары жүргізіледі.
Осылайша, бағдарлама стипендиаттардың елге оралуын және олардың еліміздің игілігіне жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін нақты заңдық және экономикалық шаралар белгілейді.
Шетелде қалып қоятын түлектерді елге қайтуға ынталандыру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
Орталық түлектердің Қазақстанға қайтып келуіне және өз әлеуеттерін жүзеге асыруына қолдау көрсетуді одан әрі жетілдіріп жатыр. Бұл бағыттағы жаңа әдістердің бірі – еліміздегі жетекші жұмыс берушілермен серіктестікті кеңейту.
Сонымен қатар Орталық PwC, Deloitte, McKinsey & Company, Wabtec Corporation, "Теңізшевройл", Ана мен баланы қорғау ұлттық ғылыми орталығы, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және тағы басқа 300-ден астам жұмыс берушімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Түлектерді жұмысқа орналастыруда көмек көрсетумен қатар Орталық оларға бос орындарды таңдауда да көмек береді.
Сонымен қатар Валерия Гавриленконың кепілгерлеріне қатысты резонанстық сот ісінен кейін көптеген стипендиядан айырылған стипендиаттар Орталықпен белсенді жұмыс істей бастады.
Елге қайтпай қалғандарға қандай жаза қолданылады?
Стипендиат Қазақстанға оралмаған жағдайда "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айыру және оқуға жұмсалған барлық шығындарды өтеу шарасы қолданылады. Бұл шарттар 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген оқу шарттары мен іріктеу ережелерінде қарастырылған.
Стипендиясынан айырылған түлектер оқуға жұмсалған қаражатты қайтармаған жағдайда, Орталық сот процестерін бастайды. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бюджетке 1,6 миллиард теңге қайтарылды, ал 2023 жылы жалпы қайтарылған қаражат 1,9 миллиард теңге болды. Қазір бюджетке ай сайын шамамен 200 миллион теңге қайтарылады.
Биыл бағдарлама бойынша қанша қазақстандық стипендия иегері атанды?
Ведомство өкілдерінің айтуынша, 2024 жылы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның екі отырысы өтті. Бірінші отырыста 184 азаматқа, ал екінші отырыста 150 азаматқа "Болашақ" халықаралық стипендиясын беру туралы шешім қабылданды. Яғни жалпы 334 қазақстандық "Болашақ" стипендиясы иегері атанды. Байқауға қатысуға 2,4 мыңнан астам өтінім түскен.
Бағдарламаға мемлекет бюджетінен қанша шығын кетті?
2024 жылы орта есеппен бір стипендиатқа магистратура бағдарламасы бойынша шамамен 10-15 миллион теңге және докторантура бағдарламасы бойынша 20-25 миллион теңге жұмсалды. Бұл шығындарға оқу ақысы, стипендия, әуе көлігімен жол жүру шығындары және басқа да шығындар кіреді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек