Қазіргі кезде бүкіл әлемде жас ерекшелігі өзгерістерін қабылдауға негізделген қартаю философиясын қолдап жатыр. Ендеше, ағзаның әдемі қартаюына көмектесетін әдістерді ұсынамыз.
1-ереже. Дұрыс тамақтану
Таза су, табиғи көкөністер мен жемістер, таза ет, консерванттардың болмауы, жүйелі түрде тамақтану – әдемі қартаюдың алғашқы және негізгі ережесі.
2-ереже. Дұрыс ұйқы
Ми жасушалары ұйқы кезінде байланыстарды қалпына келтіреді, жаңа хабарлаушы жолдарды түзеді және бүкіл дене жағдайы жайлы ақпаратты өңдейді. Дұрыс ұйқы ғана ағза саулығы үшін қажетті энергияның барлық түрінің қалпына келуіне мүмкіндік береді.
3-ереже. Бұлшықеттер мен қимыл-тірек аппаратының тонусы
Көпшілікте бір орында отырып ұзақ жұмыс жасағандықтан, мойны бүкірейіп кетеді. Егер мойын күйі өзінің дұрыс қалпын сақтаса, ми қанайналымы жақсы болады. Омыртқаның кеуде бөлігі дұрыс болса, тыныс алуыңыз жақсы және жүрегіңіз сау болады. Ал бел бөлігі сау болса, кіші жамбас пен аяқ жұмысы сапалы болар еді. Бұлшықет жүйесін сақтау үшін не істеу керек? Спортпен айналысу және белсенді өмір салтын ұстану қажет.
4-ереже. Ішкі органдарға ерекше мән беру
Асқазан-ішек жолы, тыныс алу, жүрек-қан тамырлар, иммунды және эндокринді жүйені бақылауда ұстау керек. Жыл сайын жоспарлы тексерістен өту органдар жұмысын уақытында қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
5-ереже. Күйзелісті бақылау
Әр ұсақ-түйекті уайымдау, кез келген нәрсеге ашулану, қызбалыққа салыну, басқалардың сөздерін өзіңізге қабылдау – бұлардың барлығы жалпы денсаулығыңызға жағымсыз әсер етіп, ерте қартаюыңызға ықпал етеді. Сондықтан өз-өзіңізбен жұмыс жасап, күйзеліске түспеуге тырысыңыз.
6-ереже. Теріге күтім жасау
Теріні ультракүлгін сәуле, түтін, шаң және ластықтан қорғаңыз. Теріні әрдайым ылғалдандырып жүріңіз. Ол үшін оған іштей те, сырттай да әсер етіңіз. Мысалы, су көп ішіңіз және ылғалдандырушы сапалы кремдер қолданыңыз. Теріге пайдалы дәрумендерге де мән беріңіз.