Ақтауда Адай жылқыларын асыл тұқымды мал ретінде сынақтан өткізуге байланысты мәселе талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz басылымына сілтеме жасап.
Кездесуде адай жылқыларының төзімділігі мен жылдамдығын көрсету мақсатында Маңғыстауда 100 шақырымдық ат марафонын ұйымдастыру мәселесі де қаралған. Халықаралық жарыс қазан да өтеді деп жоспарланып отыр. Оған адай тұқымды жылқылардың қабілетін бағалау үшін халықаралық Ат спорты федерациясының (International Federation for Equestrian Sports) төрешілері қатысады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Адай жылқылары Маңғыстаудың бірегей байлығы ретінде қазақ мәдениеті мен тарихында ерекше екенін айтып, оны сақтау және одан әрі таныту үшін әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
"Жылқылар біздің халқымыздың мәдениетінде әрқашан маңызды роль атқарды. Адай арғымақтары - шөл жағдайында да алыс жолдарға жүре алатын ерекше тіршілік иелері. Олар ұзақ қашықтағы халықаралық марафондарға қатысып қана қоймай, керемет нәтижелер көрсетіп жүр. Былтыр Адай жылқыларына мінген шабандоздарымыз "Ұлы Дала Жорығы" республикалық марафонында бірінші орынды иеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Адай жылқы тұқымын Маңғыстаудың бірегей қазынасы деп танып, бұл тұқымды әлемге таныту, тағы бір тамаша жетістік болатынын атап өтті. Біз әрқашан Адай жылқыларының тұқымын асыл тұқымды мал ретінде сынақтан өткізуге қолдау көрсетуге дайынбыз", - деді Нұрлан Ноғаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!