Адамзаттың ең алыс ғарыш аппараты үнсіз қалды

Ғарышта 50 жылға жуық жұмыс істеген "Вояджер-1" аппараты Жерге ғылыми және техникалық мәліметтер жіберуді тоқтатты. Қазір аппарат ешқандай ақпарат қамтылмаған радиосигнал ғана жіберіп жатыр. Бұл туралы NASA мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Аустралияның Канберра қаласындағы NASA-ның алыс ғарышпен байланыс орнатуға арналған антенналарының бірі аппараттан радиосигнал қабылдады. Алайда сигналда ешқандай дерек болмаған", – делінген хабарламада.

Аппарат 14 қарашада, адамзат тарихында алғаш рет Жерден бір жарық тәулігіне тең қашыққа жетуіне бірнеше күн қалғанда мәлімет жіберуді тоқтатқан.

NASA мамандарының айтуынша, радиосигналдың әлі де келіп тұруы аппараттың бағдарлау және басқару жүйесінің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Яғни аппараттың антеннасы Жерге бағытталған, ал байланыс жабдықтары істен шықпаған.

Мамандар ақау аппараттың түрлі жүйелерінен ақпарат жинап, оны Жерге жіберуге дайындайтын борттық компьютерден шығуы мүмкін деп болжап отыр.

Қазір инженерлер бұл ақаудың қазан айындағы байланыс үзілісіне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Ол кезде "Вояджер-1"-мен байланыс шамамен 48 сағатқа үзілген. Кейін аппарат өздігінен байланысты қалпына келтіріп, жұмысын қалыпты жалғастырған еді.

Бес жылға жоспарланған сапар жарты ғасырға ұласты

"Вояджер-1" ғарыш аппараты 1977 жылғы қыркүйекте Юпитер мен Сатурн ғаламшарларын зерттеу үшін ұшырылған. Бастапқыда оның миссиясы бес жылға ғана созылады деп жоспарланғанымен, аппарат жарты ғасырға жуық уақыт жұмыс істеді.

Энергияны үнемдеу мақсатында инженерлер борттағы ғылыми құрылғылардың басым бөлігін өшірген. Қазір он ғылыми құралдың екеуі ғана жұмыс істеп тұр.

2012 жылы "Вояджер-1" Күннің ықпал ету аймағының сыртқы шекарасынан өтіп, жұлдызаралық кеңістікке шыққан алғашқы ғарыш аппараты атанды.

Қазір аппарат сағатына шамамен 61 мың шақырым жылдамдықпен Кіші Аю шоқжұлдызындағы Глизе 445 жұлдызына қарай ұшып барады. Бұл жұлдыз Жерден шамамен 17 жарық жылы қашықта орналасқан.

Мамандардың болжамынша, "Вояджер-1"-мен байланыс 2036 жылы біржола үзілуі мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!