«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жырлаған Абай – жалпы адам баласының рухани және материалдық теңдігін аңсаған ақын, ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы «Адамзаттың Абайы» көрмесімен Атырау қаласында өткен «Абай кеші» қайырымдылық гала-кешіне қатысты. Кешті ұйымдастырушы – Қоғамдық сенім қоры.
«Renaissance Atyrau» қонақ үйінде өткізілген шара Абай қорық-мұражайы ұйымдастырған көрмеден басталды. Абай жерінен келген көрме материалдары шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырды.
Түркия, Голландия, Канада, АҚШ-тан келген қонақтар Абайдың туған жеріне, Абай қорық-мұражайына келуге ынта білдірді.
Абай қорық-мұражай қызметкерлері келген қонақтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізді. Қоғамдық сенім қорының төрайымы Ж.Қожаназар бастап ұйымдастырған «Абай кеші» қайырымдылық шарасы Абай әндері, Абай туралы түсірілген деректі фильм, викторина, аукцион, лотерея, «Тарбия» сән көрсетілімімен жалғасты. Абай мұражайы алдағы уақытта да Қоғамдық сенім қорымен шығармашылық қатынастарды дамыту бағытында жұмысын жалғастырмақ.
Жоғары дәрежелі маман Р.Елекенова